Жамбыл облысында «Тәуелсіздік – тұғырым, Қазақ хандығы – ғұмырым» атты мәдени іс-шара өтеді

Жамбыл облысында «Тәуелсіздік – тұғырым, Қазақ хандығы – ғұмырым» атты мәдени іс-шара өтеді
Фото: zhambyl.gov.kz

Ертең «Көне Тараз» мәдени-тарихи орталығында «Тәуелсіздік – тұғырым, Қазақ хандығы  ғұмырым» атты мәдени-көпшілік іс-шарасы өтеді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Іс-шараның мақсаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және Қазақ хандығы мен қазақ халқының тарихына, өткеніне, дәстүріне, мәдениетіне және мұрасына құрметпен қарауға бағытталған. Мақсат - өңіріміздің мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттау, еліміздің тарихын таныту.

Шараның салтанатты ашылуында домбыра оркестрлерінің 110 домбырашының қатысуымен Құрманғазы күйлерін орындаудан «Күй шеруі» музыкалық флешмобы ұйымдастырылады. «Ғажайыптар алаңында» облыстық орыс және қазақ драма театрларының артистері фейс-арт ұйымдастырып, ертегі кейіпкерлері ертегі әлеміне саяхат жасайды.

Қала тұрғындарының назарына облыс архивтері қорынан жасақталатын «Мұрағат – тарихи қазына» жәдігерлер көрмесі ұсынылады. Көрмеден Тәуелсіздік пен Қазақ хандығы туралы құжаттардың көшірмелері, фотоальбомдар мен тарихи кітаптар қойылады.

Келушілер арасында «Ән - көңілдің ажары» караоке – ән айту сайысын өткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, қала қонақтары мен тұрғындары «Ақындар ауылында» өтетін айтысты тамашалай алады.

Ашық аспан астындағы «Кино әлемі» алаңында Қазақфильмнің «Алтын қорынан» үздік деректі, көркем фильмдер көрсетіліп, Елбасының өмірі мен еңбек жолы туралы түсірілген қазіргі киноматографтардың туындылары көрермендерге ұсынылады. «Ұлы дала ойындары» алаңында қазақтың ұлттық ойындары асық ату, қазақша күрес ұйымдастырылады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі «Саусағынан өнер тамған шеберлер» қолөнерші, суретшілер көрмесін ұйымдастырады. Көрмеде Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағының мүшелерінің туындылары қойылып, суретшілер келушілердің портреттерін салады.

«Өнер алаңында» облыстық филармониясы әртістері келушілерге мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.

 
T. Кіршібаев