ОҚО мен Өзбекстан шекарасында сауда аймағын құру жоспарлануда

ОҚО мен Өзбекстан шекарасында сауда аймағын құру жоспарлануда
Фото: ontustik.gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірімізге жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары У.Розукуловпен кездесу өткізді. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде аймақ басшысы мәртебелі мейманды өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеметімен таныстырып, екіжақты ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Қазақ-өзбек қатынасын жақсартып, тауар айналымын ретке келтіру бойынша келіссөздер жүргізіліп, ортақ келісімге қол жеткізілді. Аталған келісімнің шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы қос елдің шекарасы маңында сауда аймағын құру жоспарлануда.

Сондай-ақ, екіжақты басқосуда жыл соңына дейін Шымкент қаласында өзбек тауарөндірушілерінің көрмесін ұйымдастыру жөнінде мәмілеге қол жеткізіліп, арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.

Оңтүстік Қазақстан облысына іссапары барысында У.Розукулов облыстың бизнес мүмкіндіктерімен танысты. Атап айтқанда, көршілес қонаққа «Химфарм» АҚ және «Kaz Kioti» ЖШС-ның трактор зауытының жұмысы көрсетілді. Өзбекстан Республикасының вице-премьері «Химфарм» АҚ-ның өндірісіне тәнті болып, өз елінде мұндай деңгейдегі кәсіпорынның жоқтығын жеткізді. Бұдан бөлек, делегация құрамында болған өзбек кәсіпкерлері «Kaz Kioti» ЖШС-мен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі екеніне ниет білдірді.

Өзбекстанда жасалған жүк көліктері, мақта терім комбайндары және тұрмыстық техникалардың көрмесі Оңтүстік Қазақстан облысының индустриалды аймағында көрсетілді.

T. Кіршібаев