Павлодар облысында мүгедектерге жан-жақты жағдай жасалып жатыр

Павлодар облысында мүгедектерге жан-жақты жағдай жасалып жатыр
Фото: YouTube

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қоғамдық мүгедектер ұйымының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі.

Биыл Май ауданы Көктөбе ауылында қырық адамға шақталған тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедектерге арналған облыстық медициналық бейімдеу орталығы ашылады.  

Шарбақты ауданы Шалдай ауылында 200 орындық  психоневрологиялық орталық ашылады.

Сондай-ақ  Павлодарда  «аутизм» диагнозы қойылған балаларға арналған орталық пайда болады.

Азия ойындарының чемпионы жүзуші Дмитрий Ли өңір басшысынан қаладағы бассейндерге кемтар балалардың еркін шомылуына мүмкіндік жасалуын сұрады. Болат Бақауов спорттық талаптарға сәйкес бассейн Усольский шағын ауданында салынатынын айтты. Оның жобасы дайын. Онда мүмкіндігі шектеулі спортшылар үшін жағдайлар жасау қарастырылған. 

Өңірде мүмкіндігі шектеулі жастарға білім алуларына жағдай жасалуда.  Облыстық бюджет қаражаты есебінен жоғары оқу орындары мен колледждерде мүмкіндігі шектеулі 135 студент білім алады. Сонымен қатар, өздігімен оқу орнына бара алмайтын 440 бала үйде оқиды. Оларға тоқсан сайынғы 6 АЕК мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Аймақта қосымша қаражатқа 467 арба сатып алынды.

«Павлодар облысында мүгедекарба тапшылығы мәселесі шешілді, деп атап өтті Бақауов. - Көрсетілетін қызмет сапасы жақсарып келеді». 

Б. Қанатұлы