Тәуелсіздік жылдары Қарағанды облысында 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған

Тәуелсіздік жылдары Қарағанды облысында 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған
Фото: Baq.kz

Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қарағанды облысында экономиканың барлық саласы түрленіп, өнеркәсіптегі өнім көлемі 1 триллион теңгеге жетті.

Өндіріске инновациялық технологиялар дендеп енгізіліп, жүздеген шағын кәсіпорындар іске қосылды. Бұрын тек шетелден тасып келген тауар түрлерін енді өзіміз жасай алатын деңгейге жеттік. Ширек ғасырда әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүрді. Ал тұралап қалған ауыл шаруашылығын әртараптандыруға көштік. Қырдағы жұрт сүт пен еттен дайын өнім жасап, саудаға шығаруға машықтанды.

Бұл – жақында ғана іске қосылған көмір байытатын зауыт. Әлемнің озық технологиясымен жұмыс істейді. Ерекшелігі, қоршаған ортаға еш зияны жоқ. «Ал судың көмегімен байытылған көмірдің қызуы бір жарым есеге жоғары», - дейді мамандар. Соңғы 25 жылда облыста дәл осындай жүздеген кәсіпорын бой көтерген. Айталық, тек биылдың өзінде индустрияландыру картасы бойынша аймақта 10 жоба жүзеге аспақ. Осылайша мыңға жуық адам еңбекпен қамтылады.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, облыс әкімі: - 2010 жылдан бастап Елбасының тапсырмасымен 97 әртүрлі инвестициялық жоба жүзеге асырылып келе жатыр. Оның ішінде бүгінгі таңда 72 жоба аяқталып, іске қосылды. Жаңадан қосылған осы жобаларда 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 

Аймақта ауыл шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Биыл 64 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Диқандар 1 миллион тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Ал фермерлер тек 8 айда ғана 107 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Өмірғали Қазанғапов Ақтоғай – ауданынан қыстау алып, мал басын көбейтіп отырғандардың бірі. Қазір ірі қара саны мыңға жуықтаған, өткен жылы Өзбекстанға 4 тонна ет жөнелтіпті. Сонымен қатар іскер азамат Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданын сүт өнімдерімен қамтып отыр. Фермада 40 адам еңбек етеді.

Өмірғали Қазанғапов, шаруа қожалық басшысы: - Жаздың күні бұл кісілер сол қаймақ, сүт өнімдерін өткізгенде, 1 миллион теңгеден аса шығады. Бұл осында істеп жатқан жұмыскерлердің еңбегі. Істеймін деген адамның қолында ғой барлығы. Қазір ешкім-ешкімнің қолынан қағып тұрған жоқ. Жер алам десең, мал алам десең, міне, мүмкіндік бар.  

Кез келген жетістіктің басында ғылымның тұратыны анық. Сондықтан ел экономикасын өрге сүйрейтін саналы жастарды тәрбиелеуге салынып жатқан инвестиция көлемі де орасан. Айталық, тәуелсіздік алған жылдан бері аймақта 66 білім беру нысаны бой көтеріпті. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында да толғай табыстарға қол жеткіздік. 1993 жылы бұл саланың бюджеті бар болғаны 500 миллион теңге ғана болса, қазір 63 миллиардқа жеткен. Соның нәтижесінде емдеу мекемелеріне заманауи құрал-жабдықтар алынып, күрделі операциялар жасала бастады. Айталық, жуырда Мақажанов атындағы клиникада 101 жастағы қарияға операция жасалып, ол екі күн ішінде аяққа тұрды. Ортан жілігі сынған ақсақалға дәрігерлер жасанды сүйек салған.

Берік Тілеубаев, Мақажанов атындағы клиниканың бас дәрігері: - Бізде 98, 99 жастағылар болған. Бірақ 100-ден асқан ақсақал бірінші рет болып отыр. Сондықтан біз қуаныштымыз. Бұл, әрине, Қазақстандағы медицинаның дамығаны ғой.

Ширек ғасырда шаһар да гүлдеді. Жолдар жөнделіп, көшелер қалыпқа келтірілді. Тәуелсіздік жылдары облыста 6 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлапты.

«Жанұя» деп аталатын тұрғын үй кешені таяу күндері пайдалануға беріледі. Бұл – таза отандық зауыттың өнімінен салынған алғашқы үй. Алдағы 5 жылда аймақта дәл осындай 2 миллион 700 мың шаршы метр баспана тұрғызу жоспарда. Қазақстанда жасалған құрылыс материалдарынан салынған үйдің өзіндік құны да төмен болады деп сендіреді мамандар.

Ардақ Асылханұлы, Әсет Асайынов

Дереккөз: 24.kz

Б. Қанатұлы