Шымкенттегі «ЕвроКристалл» ЖШС жылына 255 миллион шыны ыдыс шығарады

Шымкенттегі «ЕвроКристалл» ЖШС  жылына 255 миллион шыны ыдыс шығарады
Фото: egemen.kz

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында әскери борышымызды Сахалин аралының Анива қаласында өткердік. Кейін білсек, даңқты композитор Шәмші Қалдаяқов ағамыз да осы Анивада жауынгер болыпты.

Іргеде ұлы мұхит теңселеді. Кеңес Одағының атағы жер жарып тұрған шағы. Сол кездері Жапония мен АҚШ бірлескен әскери күші Сахалинге таяу аралда оқу-жаттығу жиынын өткізетін болды да, біздің полкты теңіз жағалауына әкелді. Танктерімізді қазылған орға көміп, оқпанын ашық теңізге қаратып он күн жаттық.

Істер іс жоқ, теңіз жағасында жүресің. Жапон аралы жақтан толқын айдап түрлі заттар ағып келеді. Шағын дастарқанның көлеміндей жайылып-бүктеліп теңіз капустасы жатады. Білме­ген­ге көсеу таң, адам ағзасына керекті иодтың көкесі осы капустада екенін кейін біліп жатырмыз ғой.

Әлдекімдер ішіндегісін сарқып ішіп, лақтырған шыны бөтелкелер жағалауға шығып қалады. Сыртқы пішіні керемет. Біз үйренген бақа бас бөтелкелердің қасында әдемі мүліктей көрінеді.

«Шіркін-ай, осындай ыдыс­тар біздің елде де шығарылар ма екен». Айтып тұрғаның мақтағанда аяғын жер-көкке тигізбейтін ортақ Отаның – КСРО, жүрегі – Мәскеу. Солар шығармаса Қазақстанның шамасы жетпейді деп ойлайсың.

Үлкен бір алып империяның қолынан келе ме екен деп жүрген сол шыны ыдыстардың көкесін бүгінде Шымкенттегі «ЕвроКристалл» ЖШС бір өзі шығарып жатыр.

Өндіріс орнында болғанымызда шөлмектердің қалай құйылатынын көріп тағы да таңғалдық. Алып қондырғының етегінен жылт етіп түймедей шоқ бөлінеді де ағындап барып бір тығынға кіреді. Құйындай құйғытып отырып тағы бірер жерге ат шалдырып барып, ұзынша түтіктен шөлмек болып үріліп шығады. Бір шоқ – бір шөл­мек. Әрине, бәрі мінсіз емес. Ішін­дегі жалыны әлі басылмаған шөл­мектер суыту цехынан өткен соң кі­нә­раты барлары желімен келе жа­тып өзі сыпырылып түсіп қалады.

Үлкен бизнеске мемлекеттік қолдау керек. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Даму банкінен» пайызы төмен қаржы алған серіктестікте 250-ден астам адам жұмыс жасап жатыр. Инвестициялық қуаты 3,9 млрд теңге құрайтын зауыт жоғары сапалы шыны ыдыстарын әртүрлі пішінде шығарады. Өндірістік және медициналық ыдыстарды 190 мл-дан 2 литрге дайындай алатын, әрі әртүрлі түс, пішінмен әрлейтін қондырғылармен жабдықталған зауыт осы қалпында мықты өндіріс ошақтарының бірі. Өндірістік шынының химиялық және физикалық қасиеттерін сақтайтын зертхана жұмыс жасайды. Германиядан алдырылған «Неуе» қондырғысы тапсырушының қалауына қарай шыныларды түрлі пішінде дайындап береді.

Әлемдегі жетекші өндірушілердің қазіргі автоматтандырылған қондырғыларымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаты жылына 225 млн дана шыны ыдыстар дайындауға жетеді. Шынылардың сапасын бекітетін лазерлік сканерлеу қондырғысы жоғары технология тиімділігін арттырады.

Кәсіпорын қызметкерлері Рустам Сахов пен Бекзат Бердімұратов осында атқарылып жатқан жұмыстарды әр қондырғының қызметін талдай отырып баяндап берді.

Оңтүстіктің кәсіпкерлері бұрын шыны ыдыстарға тапсырысты өзге мемлекеттерге берер еді. «Еврокристалл» ондай қиындықтан құтқарды.

Қондырғыларының техникалық дәрежесі мен өндіріс орнының қуаты халықаралық сапа стандарты ISO-9000 және экологиялық қауіпсіздік ISO-14000 талаптарына сай келетін зауытпен жұмыс жасауға көршілес республика кәсіпкерлері талаптанып жатыр. Үлкен өндіріс осылай өркенін жайып келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Дереккөз: egemen.kz

T. Кіршібаев