Кариб аймағының елдері EXPO-2017 көрмесіне қатысады

Кариб аймағының елдері EXPO-2017 көрмесіне қатысады
Фото: oxpopuli.kz

Кариб аймағының 10 мемлекеті EXPO-2017 көрмесіне қатысатын болды. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев пен Кариб мемлекеттері қоғамдастығының Бас хатшысы Ирвин Ларок кездесіп, осындай келісімге қол қойды. Рәпіл Жошыбаев Ирвин Ларокқа көрме дайындығы жайлы баяндап, 2017 жылдың басында халықаралық қатысушылардың Астанада өтетін кездесуіне шақырды. Баламалы энергия көздерін дамытуды жөн көретін Кариб аймағы үшін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбы өте маңызды, - деді Бас хатшы.

Тараптар су, энергия және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша бір-бірімен тығыз қарым-қатынас ұстануға ниет білдірді. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін Кариб елдері үшін бұл көкейтесті бағыт.

Айта кеткен жөн, Кариб қоғамдастығы 1973 жылы Кариб еркін сауда қауымдастығының мирасқоры ретінде құрылған болатын. Қазақстан КАРИКОМ хатшылығы тіркеген Орта Азиядағы жалғыз ел.

Ирвин Ларок, Кариб қоғамдастығының Бас хатшысы: - Кариб елдері үшін EXPO-2017 көрмесіне қатысу өте маңызды, әсіресе көрменің тақырыбы біз үшін көкейтесті. Сонымен қатар көрме біз үшін өз жетістіктерімізді көрсетіп, инвестиция, сауда мен туризмді дамыту мақсатында жақсы байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Кариб қоғамдастығы арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам. Қазақстан біздің аумақтың тұрақты дамуы үшін көмек көрсетуде, соның арқасында біз климаттың өзгеруі туралы Париж конвенциясына қатысу мүмкіндігін алдық. Сондай-ақ біз су мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Осылайша, ынтымақтастығымыз дамып, нығаюда.

Рәпіл Жошыбаев, Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары: - Бүгін біз БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 14 ел мүше болатын Кариб қоғамдастығының Бас хытшысымен EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойдық. Он ел. Жұмысты әрі қарай жалғастырудамыз. Кариб аймағының басқа елдері де қосылады деген үміттеміз. Бүгінгі таңда көрмеге қатысу туралы  келісімге 81 ел қол қоды. Бұл процесс жылдың соңына дейін аяқталады.

Ресми сапар аясында EXPO-2017 көрмесінің комиссары Теңізге шығар жолы жоқ, аз дамыған елдер мен дамып келе жатқан шағын арал мемлекеттері бойынша БҰҰ-ның Жоғарғы өкілі және Бас хатшысының орынбасары Гиян Чандра Ачарьямен және БҰҰ Бас хатшысының тұрақты даму жөніндегі орынбасары Ву Хонбомен келіссөздер жүргізді. Тараптар EXPO-2017 көрмесіне БҰҰ атынан ортақ комиссар тағайындау мәселесін, Астанада көрме барысында БҰҰ құрылымдарының тақырыптық шараларын өткізу және климаттың өзгеруі туралы БҰҰ конвенциясын іске асыру мәселелерін талқылады.

Дереккөз: 24.kz

T. Кіршібаев