БҚО-да электронды кезек жүйесі іске қосылды

БҚО-да электронды кезек жүйесі іске қосылды
Фото: arnapress.kz

Елбасының «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында «Қазақстан Республикасының жергілікті полиция қызметі жұмысы бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №388-V санды заңына сәйкес, әкімнің тапсырмасы бойынша облыстық Ішкі істер департаменті мен ІІД ӘПБ Тіркеу-емтихан қабылдау бөліністері және әкімшілік практика бөліністерін электронды кезек жүйесімен жарақтандыру жобасы қолға алынды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов БҚО ІІД Әкімшілік полиция ғимаратында орнатылған халыққа қызмет көрсету орталығы базасы негізінде орнатылған электронды кезек жүйесі жұмысының тәртібімен танысып қайтты. Бұл жүйе көлік құралдарын тіркеу немесе қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және үрдісті жақсартады. Электронды кезек жүйесі қызмет көрсету кезінде адамның тікелей қатысуын болдырмайды, өйткені, кезекті электронды түрде анықтайтын болады. Облыс әкімі кезекте отырғандардың жағдайларымен танысып, қызмет көрсету жүйесінің тиімділігіне қатысты отырғандарға сұрақ қойды.

Электронды кезектің жұмысына нақты тоқталған ІІД бастығы, полиция полковнигі Махамбет Абисатов: «Автокөлік құралдарының айдап әкетілгені іздеуде тұрған есебімен тексерілсе, ал, жүргізушінің өзі іздеуде жүргендер, хабар-ошарсыз жоғалғандар тізімі, ТМД және Интерпол базасына біріктірілген криминалдық есеп бойынша тексерілетін болады, оның бәрін компьютер анықтап береді» – деді. ІІД ғимаратында нөмір беретін екі терминал қойылды, аталған электронды кезек делдалдардың қызметін пайдалануды тоқтатып, сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюға мүмкіндік береді. 

«Бұл қызмет үрдісі автокөлік жүргізушілерінің жұмысын үш есеге қысқартты, яғни, құжаттарды толтыру, жүргізуші куәлігін алу, айыппұл төлеу, емтихан қабылдау жұмыстарына екі сағат шама­сында уақыт қажет болады. Қазіргі уақытта біздің штатта алты ерікті қызметкер жұмыс атқаруда, олар құжаттарды қабылдау жұмыстарымен айна­лысады. Азаматтарға қызмет көрсету үшін азаматтық тұлғадағы қызметкерлерді жұмысқа алып, жұмыс штатын көбейту жоспарымызда бар, ал, құжаттарды тексеріп, қол қойдыртып, табыстау құқығы офицер­лердің міндетінде», – деді БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ж.Жаншин. 

Аталған жобаны жүзеге асыру шегінде демонтаж және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сонымен қатар, қажет құрылғыларды, оргтехникаларды және жиһаздарды сатып алуға облыс бюджетінен 30 млн 184 мың 837 теңге бөлінген болатын.

Асылай ГУБАШЕВА,
БҚО ІІД баспасөз қызметі  

T. Кіршібаев