50 жобаның тетігі іске қосылды

50 жобаның тетігі іске қосылды
Фото: bnews.kz

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабомен кездесті.

Кездесу барысында Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ шеңберіндегі ын­ты­­мақ­тастығының қазіргі жай-күйі мен алдағы перспектива­лары талқыланды. Г.Әбдіқа­лы­қо­ва өзінің сөзінде 2010 жылы Аста­нада өткен ЕҚЫҰ самми­тінің қорытындысы бойынша қа­был­­данған «Қауіпсіздік қо­ғам­дас­тығы жолында» атты Аста­на декларация­сын жүзеге асыру Қазақ­станның басты қыз­мет­тері­нің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен арада жолға қойылған жұмыс тетігі жергілікті жерлерде ұйымның тиімділігін одан әрі арттыра тү­судің үлгісіне айналғанын жет­кізді. Бұл ретте, ол жобаларды әзір­леу, үкіметтік құрылымдармен бірле­се отырып, жұмыстарды жал­пы жоспарлау және оны Сырт­қы істер министрлігімен үйлес­тіру үдерісіне көңілі толаты­нын біл­дірді. Мәселен, биыл Қа­зақ­стан­ның мүдделі мемлекеттік органдары ЕҚЫҰ-мен бірлескен 50 жо­баны нәтижелі жүзеге асырып келеді.

Г.Әбдіқалықова қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған халықаралық, жер­гілікті және дінаралық қақты­ғыс­тардың алдын алуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі­нің өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол Дьердь Сабоны Бес инсти­туттық реформаны іске асыру жө­ніндегі Ұлт Жоспарының орындалу барысы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында өтетін іс-шаралар туралы да ха­бардар етті. Бұған қоса, тәуелсіз­дік жылдарында экономика ны­ғайып, халықтың әл-ауқаты арт­қанын, Қазақстан қоғамы жал­пыұлттық келісім мен қоғамдық тұрақ­тылық­тың үлгісі ретінде қарас­тырылып отырғанын, ал еліміз жауапты әрі құрметті халықаралық серіктес ретінде танылғанын жеткізді.

Ал ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Мемлекеттік хатшыға жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен арадағы ықпалдастығы алдағы уақытта да нәтижелі әрі жемісті бола беретініне сенім білдірді.

Бұл күні тараптар Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіне ЕҚЫҰ-ның қатысу мәсе­лесін де талқылады. Кездесу соң­ында Г.Әбдіқалықова Қазақ­стан мен ЕҚЫҰ арасындағы үнқа­тысу мен өзара түсіністікті ны­ғай­ту жолындағы Дьердь Сабоның қызметіне табыс тіледі.

Мемлекеттік хатшымен кез­десу аясында ЕҚЫҰ-ның Астана­дағы Бағдарламалар офисінің басшысы журналистерге де сұхбат берді. Осыдан 6 жыл бұрын Астана­да ЕҚЫҰ-ның ауқымды самми­ті өткенін білесіздер. Бұл жиын өте жоғары деңгейде ұйымдас­тырылғаны есімде. Сол уақыттан бері мұндай деңгейдегі басқосуды өткізе алған жоқпыз. Әрине, бұл біздің алдымызда мақсат-міндеттер жоқ дегенді білдірмейді. Біздің назарымызда тұрған жауап­кершілікке толы, түрлі бағыт­тағы жұмыстар жетерлік. Олар­ды ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағ­дар­ламалар офисінде бірлесе атқарып, жұмыстардың нәтижелі болуына күш жұмсап келеміз, деді өзінің сөзінде Дьердь Сабо.

Д.Сабоның айтуынша, Вена­дағы штаб-пәтерде ЕҚЫҰ ая­сын­дағы негізгі үш бағыт – әске­ри-саяси, экономикалық-эколо­гиялық, адами капитал өлшемдері бойынша атқарылатын жұмыстар әр­дайым және тұрақты түрде сүзгі­ден өтіп отырады екен. Біздің мін­детіміздің бірі – Орталық Азия­дағы жастарды бір-біріне жақын­дату, олардың бірлесе жұмыс атқаруына ұйытқы болу. Осы орайда, біздің «Жастардың орта­лық­азиялық желісі» деп аталатын дәстүрлі бағдарламамыз бар. Бұл бағдарламаның негізі қаланғанына 11 жыл болды. Бұл болашақ үшін қажет бағдарлама деп ойлаймын, деді бұл ретте офис басшысы. Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдар­ламалар офисі әйелдердің құқығын қорғау, олардың кәсіпкерлігін қолдау, «Жасыл» экономиканы дамыту секілді бағыттар бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарып келетінін жеткізді.

Жалпы алғанда, сіздердің дамы­ған, заманауи мемлекетті қа­лып­тастыру, жаңа елорданың тұғы­­рын биіктету бағытындағы ұста­ным­дарыңыз көпшілікті қызық­­тырады. Қазақстанның өзекті әрі түйткілді мәселелерді шешу­ге деген ұмтылысын да айрық­ша бағалар едім, деді өзінің сұх­ба­тында Д.Сабо. 

Дереккөз: egemen.kz 

T. Кіршібаев