Н.Назарбаев: Жекешелендiрусiз экономика ілгерілемейді

Н.Назарбаев: Жекешелендiрусiз экономика ілгерілемейді
Фото: doma.kuplu.kz

ҚР Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов Ақордада Елбасының төрағалығымен өтiп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында елiмiздiң қаржылық жағдайы туралы есеп бердi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«2016 жылдың 8 айында елiмiздiң бюджетi рекордтық деңгейге жетіп, дағдарысқа төтеп берді. Мемлекеттiк қаржы тұрақты, кiрiстер тұрғысынан ілгерілеу бар, ал тапшылық төмендеп келедi. Бюджеттiк құралдар экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамтудың өсуiн қоса алғанда бiрнеше мiндеттi шешуге қайта бағдарланды. Бұл – «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы дағдарысқа қарсы шараларды қолдау, жергiлiктi бюджеттерге берiлетiн трансферттер арқылы өңiрлердi дамытуға жәрдем көрсету», - дейдi Бақыт Сұлтанов.

Министрдiң айтуынша, жыл басынан берi бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң жалақысы мен студенттердiң стипендиялары көтерiлдi. Зейнетақы мен басқа да әлеуметтiк төлемдердi инденсакциялау сақталып отыр.

Елбасы қаржы министрiнен елiмiзде жекешелендiрудiң қалай жүргiзiлiп жатқанын сұрады. Министрдiң айтуынша, 299 нысан жекешелендiрiлдi, одан барлығы 85,5 млрд теңге қаржы түстi.

«Барлығы қазiр бергiсi келмей, тырысып, ұстап қалғысы келедi. Бағдарламаны орындау үшiн бар күштi салып, жұмыс жүргiзу керек. 1991-1995 жылдары өткiзiлген жекешелендiру қазiргiден жеңiл өттi деп санаймын. Жекешелендiруге қарсы тұрмау керек. Онсыз экономика әрi қарай қозғалмайды. Тек қана қажеттi мәселелер болса жарайды, басқаның барлығы жекенiң қолында болуы керек. Сонда ғана бiздiң бизнес өркендеп-өседі», - дейдi мемлекет басшысы. 

Дереккөз: BNews.kz

T. Кіршібаев