Халық үшін үздік тауар шығарып отыр

Халық үшін үздік тауар шығарып отыр
Фото: ifk.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында елдегі кәсіпкерлерге: «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер.

Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды», деген болатын.

Отандық тауарөндірушілерді қолдау, сапалы өнім шығару бағытында бүгінде Оңтүстікте бірқатар игі басталамалар жасалуда, сондай-ақ «Оңтүстіктің өнімі» деген сөз тұрақты тіркеске айналып келеді. Осындай "Оңтүстіктің сапалы өніміне" лайықты кәсіпорынның бірі "Азала текстиль" ЖШС жақында "Көрме орталығында" өткен «ONTUSTIK өнімдері-2016» көрме-жәрмеңкесінде «Халық үшін үздік тауар» номинациясын жеңіп алды. Аталған кәсіпорын 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жалақы төлеп келеді.

Олар жылына 2824 тонна иірілген жіп, 2 миллион тонна төсек жабдықтары, 7 миллион түкті өнімдер шығарады. «Азала текстиль» 2012-2014 жылы мемлекеттік жеделдетілген Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылған. Жылдан-жылға өндіріс көлемі артып келеді. Ең бастысы өнімдері ел игілігіне жарап тұр. Себебі қазіргі таңда иірілген жіп сұранысқа ие болып тұр. 

Дереккөз: rgmedia.kz

T. Кіршібаев