Мәскеуде Астана күндері өтеді

Мәскеуде Астана күндері өтеді
Фото: massaget.kz

Мәскеу тұрғындары Қазақстан елордасының өнері, тарихы және қазіргі өмірімен танысады. Ресей астанасында екі күн бойы іскерлік ынтымақтастық форумы, екі қаланың бокстан жолдастық кездесулері, кино қойылым және көрме өтеді.

Астана делегациясын қала әкімі Әсет Исекешев бастап, қала мәслихатының өкілдері, кәсіпкерлер, мәдениет қайраткерлері мен спортшылар, оның ішінде Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов барады.

Астана күндері 19 қыркүйекте Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде (ХШЖК) салтанатты түрде ашылады. ХШЖК-да «Этноауыл» көрмесі де жұмыс істейді. Бұл жерде киіз үй тігіліп, дала халқының ұлттық биі, қымыз бен шұбат, қолында бүркіт ұстаған аңшыларды көріп, кәдесый сатып алуға болады. Кешке Мемлекеттік Кремль сарайында Қазақстан өнер қайраткерлерінің гала-концерті өтеді.

20 қыркүйекте Мәскеу сауда-өнеркәсіп палатасында Астана мен Мәскеу іскер ынтымақтастығының форумы басталады. Мұнда экономика, мәдениет, туризм саласындағы жұмыс талқыланып, «Smart Cities – Астана мен Мәскеу» атты қаланың даму жобасы таныстырылады.

Астана күндері мәдени бағдарламасының аясында Мәскеу халықаралық музыка үйінде «Тұмар – Сақ патшайымы» қойылымы болады. Бұдан басқа, Ресей астанасында «Жусан иісі» атақты қазақ суретшілері мен мүсіншілері жұмысының көрмесі өтеді.

Дереккөз: bnews.kz

 

Е. Жұмабайұлы