Астанаға арналған он күн

Кеше Елбасы кітапхана­сында «Ашық есік күн­дері» мерекелік онкүндігі салтанатты түрде ашыл­ды. Шара елордамыздың ту­ған күніне орай ұйымдас­ты­рылғанын естеріңізге саламыз.

 «Біз биылғы жылы еліміз­дің тарихындағы тағы бір ерекше белеске жеттік. Ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдығы. Бұл дата өткен өміріміздің парағында алтын әріппен таңбаланары сөзсіз. Қазақстанның әлеумет­тік-эко­­номикалық қарыштап да­муы­ның, әлем таныған мәр­те­белі мем­лекет болып қалып­тасуы­ның айқын айнасы – Астана десек, артық айтқандық болмас. Елордамыздың 18-ші туған күні Тәуелсіздіктің 25 жылдығы­мен тұспа-тұс келіп отырға­нын айрықша атап өткен абзал. Осы орайда ұйымдастыры­лып отырған бүгінгі көрме­нің ма­ңызы жоғары. Себебі, ол кешегі күні мен бүгінгі күн­нің ара­сындағы алтын көпір іс­петті», – деді Мемлекеттік хат­шы Гүлшара Әбдіқалықова.

Мерекелік шара барысында меймандар Астана күніне арнал­ған көрмелермен танысты. Олар­дың ішінде – «Елбасы әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» та­қырыбындағы мұрағат құжаттары фотодеректерінің көрмесі бар. Онда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жасампаз істерін паш ететін және жаңа елордамыздың тари­хынан сыр шертетін мұрағат құжаттары ұсынылған. Көрме жас буын­ның рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, өскелең ұрпақтың бойында аза­маттық жауапкершілікті және отансүйгіштікті қалыптастыруға бағытталған.

Көрме авторлары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын тұлға, әлемдік деңгейдегі саясаткер, елдің қоғамдық-саяси һәм әлеу­меттік-экономика­лық өмі­рін­дегі көрегендік және жасампаз өзгерістердің баста­машысы, же­тек­шісі әрі қатысу­шы ретінде сипаттайтын түпнұсқалық тарихи құжаттарын ұсынған.

«Естелікке қолтаңба» көрмесі шетел мемлекеттері бас­шы­лары­ның, танымал тұлғалардың Елбасының атына сыйға берілген бірегей суреттермен ерекшеленді. Экс­позицияға 40 ерекше фото­құжаттар ұсынылды. Олар­дың қатарында АҚШ президенті Б.Клинтонның, Фи­липпин президенті Г.М.Ар­ройоның, АҚШ вице-президенті А.Гордың, ханзада Чарльздың қолтаңбалары бар суреттер қойылған.

Ал «Астананың болашағы – балалардың көзімен» тақыры­бын­дағы көрмеде елі­міздің және елордамыздың, ұлттық мәде­ниеттің даму тари­хына арнал­ған балғындардың суреттері көр­сетілген. Астаналық балалар өз­дері­нің ойлары мен армандарын бейнелеу өнері арқылы жет­кізуге тырысқан. Сонымен бірге, «Еуразия жүрегінде» фото­көр­­месінде Қазақстан Журна­лис­­тер одағының мүшесі Алек­сандр Пархоменконың төлтуын­ды­лары паш етілді. Онда Астана қала­сы­ның көріністеріне арналған 60 фо­то­сурет көздің жауын алады. Та­ны­мал фотосуретші өнерсүйер қауым үшін дәріс оқып, 15 жыл бұ­рын Мемлекет басшысының Пав­ло­дар облысына жасаған ісса­па­рының суреттері бар дискіні Елба­сы­ның кітапханасына сыйға тартты.

Осылардың арасында Әлем чемпионы, халықаралық гросс­мейстер Дәрмен Сәдуа­қасов­тың шахмат бойынша шеберлік сыныбын өткізгені, екі мәрте әлем чемпионы, «Қазақстан Рес­п­уб­ликасы тоғызқұмалақ спорты федерациясының» атқа­рушы директоры Серік Ақтаев тоғызқұмалақ бойынша жарыс және шеберлік сыныбын ұйым­дас­тырғаны көрермен үшін қызықты болды. Оның барлығы елордамыздың туған күніне арналғанын айта кетсек дейміз.

Жоғарыда атап өткен мере­келік шаралар шілденің 1-інен 10-на дейін жалғасады.

Рауан Қайдар

Дереккөз: «Егемен Қазақстан»