Немістер Қазақстанда 30 миллиард еуроға шипажай салмақшы

Немістер Қазақстанда 30 миллиард еуроға шипажай салмақшы
Фото: regent-travel

Елімізде жаһан жұрты тамсанып, таңданатын тағы бір туристік аймақ пайда болады, - деп хабарлайды 24.kz телеарнасы. Бұл жолы Каспий теңізінің жағасында заманауи демалыс орындары бой көтермек. Игі істі қолға алған неміс инвесторлары Маңғыстаудың "Кендірлі" шипажайын жер шарына әйгілеуді жоспарлап отыр.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, Каспий теңізінің жағасында орналасқан "Кендірлі" шипажайы 200 мыңдай тұрғыны бар шағын қалаға айналады. Жоба бойынша мемлекет бұл мекенге мектеп, аурухана, балабақша салып береді. Ал көпшілік үшін көңіл көтеріп, бой сергітетін коммерциялық орындар мен қонақ үйлерді неміс инвесторлары қаржыландырмақ. Бұл мақсатқа олар 600 миллионнан 30 миллиард еуроға дейінгі қомақты қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. 

Analoga GmbH компаниясының басшысы, инвестор Герхард Лойблдың айтуынша, бір нысанның құрылысына 2000 адам тартылады. "Ал 4 жылдан соң үш бірдей қонақ үй пайдалануға беріледі. Біз Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Себебі бұл елдің табиғи көркі көз тартады. Жалпы Қазақстан әлем елдері үшін ашық әрі қолайлы мемлекетке айналады", - деді ол.

Еліміздегі инвестициялық ахуалдың игілігін германиялық көлік құрастырушы CLAAS компаниясы да сезініп келеді. Ауыл шаруашылығы техникаларын жасаушы ірі кәсіпорын 15 жылдан бері қазақстандық шаруалармен жұмыс істейді. Бүгінге дейін оларға 700-ден астам астық жинаушы комбайн мен трактор сатқан. Енді елімізге өндірістің өзін әкеліп, көлік құрастыруды жоспарлап отыр. 

"Қазір екіжақты келіссөздер жасалып жатыр. Біз Қазақстан нарығында ұзақ уақытқа қалғымыз келеді. Инвестиция апарып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетпекпіз. Шаруалар CLAAS техникасын қолдану арқылы сапасына алаңдамайтын болады", - дейді CLAAS компаниясының экспорт жөніндегі аймақтық менеджері Алексей Зонин.

Жалпы еліміздегі неміс инвестициясының 90 пайызы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған. Ал соңғы екі жылдың бедерінде екіжақты 72 келісімге қол қойылды. Биыл да қос мемлекет 4 миллиард еуроға жететін маңызды меморандумдарды іске асырмақ.

Дерек: Тенгриньюс

Y. Almabek