"Алаш Орда" құжаттарының көрмесі ашылды

"Алаш Орда" құжаттарының көрмесі ашылды

Өскемен қаласында тұңғыш рет облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық сараптау орталығының арнаулы мұрағатында "Алаш Орда" партиясы мүшелерінің қызметі туралы құжаттар жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "Егемен Қазақстан" тілшісі хабарлады.

Әлихан Бөкейхан мен өзге де алашордалықтардың қызметі туралы фотоқұжаттық көрмеде "Алаш" партиясы мүшелерінің қылмыстық істерінен материалдар алғаш рет көрсетіліп отыр.

"Біз облыстық мемлекеттік мұрағаттың сұрауы бойынша Шығыс өңірінің аумағында репрессияға ұшыраған "Алаш" партиясының 21 мүшесінің мұрағаттық қылмыстық істерінен мәліметтерді ұсынып отырмыз", – дейді ішкі істер департаментінің ақпараттық-сараптау орталығы мемлекеттік мұрағатының аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Молдақанова.

Айта кетейік, 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарынан репрессияға ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істер қабылдап алған. Қазір облыстық департаментте аталған тақырыпта 18 мыңнан астам іс сақталуда.

Автор: Думан Анаш 

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Фото: ШҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі

 

Y. Almabek