Бибігүл Төлегенова алматылықтарға Наурыз көже дайындап берді

Бибігүл Төлегенова алматылықтарға Наурыз көже дайындап берді
Фото: tengrinews.kz

Алматы қаласының Астана алаңында Наурыз мейрамы тойланып жатыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Оңтүстік астанадағы мерекелік концертті мегаполис басшысы Бауыржан Байбек бастап берді. "Бұл Шығыстың ең бір көне мейрамы. Тәуелсіздік жылдарында Наурыз Қазақстанның көпұлтты халқын біріктіретін мейрамға айналды. Бүгінде еліміз көптеген мемлекетке тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Достығымыз бен бірлігіміз қуатты бола түссін! Тәуелсіз Қазақстанымыз гүлдене берсін! Біздің жасыл әрі шуақты қаламыз Наурыз секілді көктемнің бастауы  болып, күн сайын әрлене түссін!", - деді Бауыржан Байбек. 

Халық әртісі Бибігүл Төлегенова мерекелік ас наурыз көжені концерт басталмай тұрып өзге қонақтармен бірге дайындады. Осыдан кейін ол VIP орынға барып отырды. Онда ол өзге әртістермен бірге мерекелік концертті тамашалады. Олардың ішінде ақын Олжас Сүлейменов, актер Асанәлі Әшімов, әнші Нұрғали Нүсіпжанов және тағы да басқалар болды.

"Меніңше, Наурыз біздің ғана мейрам емес. Біз көп ұлтты жерде өмір сүреміз және мұнда түрлі ұлттың адамдары бар. Бірақ барлығы бір адамдай осы мейрамды тойлайды. Барлығы әдемі, ал біздің кезде мұндай мүмкіндік болмады. Үйде көже қайнатып беретін, бауырсақ беретін, біз соған да риза болатын едік. Ал қазір бұл керемет мейрамға айналды. Басқа ұлт өкілдері де көже дайындайды деп ойлаймын. Бүгін алматылықтарға тұңғыш рет наурыз көже дайындап бердім. Бұған дейін әжелерімізге, шешелерімізге көмектесетінбіз. Ол уақытта мұндай тамақтар болмайтын. Біз бидайды бұқтыратынбыз, әркім өз мүмкіндігінше, қалауынша істейтін. Ал бүгін Құдайға шүкір, барлығы бар, дағдарыс десек те ондай ешқандай дағдарыс жоқ қазір. Бұл туралы айтудың да қажеті жоқ", - деді халық әртісі.

Айта кетейік, түске дейін сахнада Роза Рымбаева, "МузАрт" және Rin'go топтары және отандық эстраданың өзге де жұлдыздары ән шырқады. Концерттің біріншісі жартысы аяқталғаннан кейін мерекелік ас берілді.

Пісірілген бауырсақтардың жалпы салмағы 500 келі және 500 литр көже қайнатылды. Ұйымдастырушылар бірде-бір алматылықтың дәм татпай қалмайтынын айтып сендірді. Одан өзге дәстүрлі ойындармен қатар батырлардың да сайысы өтті. Олар қойды көтеріп, қанша рет отырып-тұра алатынын көрсетті. 

Н. Үсенова