11 жасар балаға ерлігі үшін медаль тағылды

11 жасар балаға ерлігі үшін медаль тағылды
Фото: ТЖД

Алматы қаласы Алатау ауданындағы №152 мектептің акт залында өзінен кіші қарындастары мен інісін құтқарғаны үшін батыр баланың құрметіне салтанатты жиналыс өтті. Марапаттау рәсіміне қатысып, қолдау көрсету үшін мектеп оқушылары, мұғалімдері, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың атынан адам өмірін құтқаруда батылдық пен жанқиярлық ерлік көрсеткен Данияр «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталды.

Алматы қаласының ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Р.Ә. Қасыбаев Сатыбалды Даниярға салтанатты түрде наградасын тапсырды.

"Жасаған ерлігі – жақындарын қорғау үшін барын салатын нағыз қазақстандық азаматтың ісі. Он бір жастағы бала өзге ересектердің қолынан келе бермейтін, өзінің аса өнегелі адамгершілік қасиетін көрсетті", – деді Руслан Әмірзадаұлы.

2015 жылы 29 қарашада күндізгі сағат 12-де өрт оқиғасы болды: Алматы қаласы, Алатау ауданының Тәкежанов көшесіндегі уақытша баспананың бөлмесі өртеніп кетті. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың келуін күтпей, 11 жасар бала терезенің әйнегін сындырды да, өзінен кіші қарындастары мен інісін кезек-кезегімен көшеге алып шықты.

Бауырларын өрттен аман алып қалуға бар күшін салған кішкентай батыр қиын сәтте осындай үлгілі адамгершілік қасиет танытты.

Алматы қаласының ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

@. @assel_assanova