Каирде Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылады

Каирде Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылады
Фото: ustazbol.kz

Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын Каир қаласының губернаторы Галял Мұстафа Мұхаммед Саидпен кездесті.

ҚР СІМ баспасөз қызметінде хабарлағандай, тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды, мәдени және туристік байланыстарды кеңейту, сонымен қатар 1999 жылы қол қойылған Достық пен ынтымақтастық туралы келісім аясында екі ел астанасы арасында бауырластық қатынасты нығайту жолдарын талқылады.

Қазақстандық дипломат әңгімелесушісін Қазақстандағы маңызды ішкі саяси және экономикалық оқиғалар жайлы, Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы туралы хабардар етті. Сонымен бірге ол елдегі «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында  және «Стратегия-2050»  құжатында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында елде жүргізіліп жатқан реформалар жайында айтты. ҚР Президентінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды.

Губернатор Г.М. Саид  Қазақстан мен оның астанасы қол жеткізген табыстары мен даму қарқынын жоғары бағалады. Астанамен бауырластық байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Осы бағыттағы практикалық қадам ретінде тараптар келесі жылы қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевқа Каир қаласының «Еркіндік және достық» саябағында ескерткіш орнататыны жайлы уағдаластық жасады.

Дереккөз: kazinform 

С. Ерсін