Түсірілгеніне 4 жыл болған "Жол" картинасы прокатқа шығады

Түсірілгеніне 4 жыл болған "Жол" картинасы прокатқа шығады
Фото: tn.kz

2011 жылы түсірілген "Жол" фильмі Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шығады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Фильмнің ұзақ уақыт бойы көрсетілмеуін режиссер Асқар Ұзақбай қаржылық қиындықтармен түсіндірді. "Осы лентаны бірге түсірген "Қазақфильм" киностудиясы оны дамытуға қаражаттың жоқ екенін айтты", – деді ол.

Оның айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары 2011 жылы жазда басталды, ал 2013 жылы картина толығымен дайын болды. "Фильмнің прокатқа шығуын ұзақ күттім. Маған көрермендердің пікірі өте маңызды. Мен осы жұмысты бекер жасадым ба, жоқ па, соны білгім келеді. Айта кетейін, фильм қазақтың қайсар жігіттері туралы", – деді Ұзақбай.

"Жол" фильмінде арманына жете алмаған жас жігіттің өмірі туралы баяндалады. 19 қарашада фильмнің ресми тұсаукесері өтеді. Режиссердің айтуынша, фильмді түсіруге көп адам қатысқан. "Бұл лентаға әдеттегіден көп адам қатысты. Себебі кейбір қойылымдар "барахолкада" және адам көп жиналатын жерлерде түсірілді", – деді Асқар Ұзақбай.

М. Бисембаева