Ауа райы: Елімізде таяу күндері 31 градус аяз болады

Ауа райы: Елімізде таяу күндері 31 градус аяз болады
Фото: rus-img2.com

Таяу күндері еліміздің солтүстігінде үскірік аяз болады. Синоптиктер 19-21 қарашаға арналған ауа райы болжамын жария етті.

Синоптиктердің мәліметінше, Сібірдің солтүстік аудандарындағы антициклон еліміздің солтүстігіндегі ауа райына қатты ықпал етті. Соның салдарынан бірнеше күннен бері бұл өңірде ауа температурасы климаттық нормадан 5-10 градусқа төмен болып тұр.

"19-21 қараша аралығында антициклонның әсері күшейеді, соған байланысты ауа температурасы төмендеп, кей жерлерде 28-31 градус аяз болады", − деп хабарлады метеорологтар.

Айта кетейік, еліміздің оңтүстігіне Каспий теңізінің оңтүстігінде қалыптасқан циклон жылжиды. Осыған байланысты күн ала бұлтты болып, жаңбыр жауып, арты қарға ұласады. Алайда ауа температурасы климаттық нормадан 2-4 градусқа жоғары болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер қараша айында ауа райының қандай болатынын айтты. Болжам бойынша, күздің соңғы айы қарашада ауа райы жауын-шашынды болады, жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ күтіледі.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін