Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері Астанаға жиналды

Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері Астанаға жиналды
Фото: tn.kz

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданғанына 25 жыл толуына орай Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдерімен кездесу-семинар өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Жұртшылықпен байланыс қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы және Қазақстан Республикасын әлем қауымдастығының мойындауындағы Тұңғыш Президент  Н.Ә. Назарбаевтың рөлін, еліміздің тәуелсіздігін нығайтудағы сан қырлы қызметін, жасампаздық және шығармашылық идеяларын, мемлекетті дамытуға арналған «Қазақстан-2050 стратегиясын», «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға 100 нақты қадамын» келешек ұрпаққа насихаттауды кездесу-семинарына мақсат етіп қойды.

Кездесу-семинарының модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары, саясаттану ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышев 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданғанына тоқтала келе, бұл тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы басталған күн деп атап өтті. 

«Қазақстан 2050» стратегиясы тақырыбында және «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға 100 нақты қадам» тақырыбында Л.Н. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Тлепина дәріс оқыды.

Кездесу-семинары Кітапхана қызметінің аға сарапшысы – Бибігүл Бекенбаеваның «Елбасы еңбектері» тақырыбында баяндама жасауымен жалғасты.

Кездесу-семинарға келген Назарбаев зияткерлік мектептерінің ұстаздары ұйымдастырушыларға ризалығын білдірді.

М. Бисембаева