Экологтар: Теңіз жануарларын қорғайтын орталық қажет

Экологтар: Теңіз жануарларын қорғайтын орталық қажет
Фото: 24.kz

Каспий жағалауынан жаралы итбалық табылды. Өкініштісі сол, балық шаруашылығы бөлімінің инспекторлары теңіз жануарын құтқара алмады. Мамандар жеткенше сүтқоректі өліп қалған.

Бұған алаңдаған маңғыстаулық тәуелсіз экологтар теңіз жануарларын қорғайтын орталық ашуды ұсынып отыр. Куәгерлер түсірген видеода жанары жәудіреген жануар адамдардан көмек сұрап жатқандай. Теңіз жағалауына шығып қалған итбалықты алғаш болып қала тұрғындары байқайды. Денесіндегі жарақатты көрген олар дереу құзырлы органдарға хабар береді.

Өкінішке қарай, балық инспекциясының мамандары жеткенше сүтқоректінің денесі суып үлгеріпті. 2-3 жасар итбалықтың жағаға қалай тап болғаны да белгісіз.

Әлібек Жәлелов, балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы: - Браконьерлердің қармағына өтті дейін десек, қармаққа түскен итбалықтың барлық жерінде тесіктер болуы керек. Қан шығып тұрады. Ол ауырып өлген. Арықтап кеткен. Денесінің майының бәрі кеткен. Басы ісік. Бұл – жыл басынан бері тіркеліп отырған алғашқы жағдай. Алайда өткен жылы итбалықтардың оннан астамы қырылған. Сондықтан сүтқоректілердің жағдайына алаңдаған табиғат жанашырлары теңіз жануарларын қорғайтын орталық ашуды ұсынып отыр.

Кирилл Осин, «ЭКО Маңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі: - Әсіресе Каспий қайраңын игеру барысында бұл орталықтың маңызы арта түспесе, кемімейді. Мәселен, теңіздегі мұнай қабықшасына түсіп қалған құстар мен теңіз жануарлары көмекке зәру. Сол себепті, оларға көмек көрсететін арнайы орындар болуы қажет. Ал әзірге мамандар жаралы жануарларды тауып алған жағдайда, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына немесе экологтарға хабарласуды сұрайды.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы