Павлодарда «Жас ғалым» байқауының жеңімпаздары анықталды

Павлодарда «Жас ғалым» байқауының жеңімпаздары анықталды
Фото: formaslov.ru

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымдары Сағыныш Нұркімбаев пен Ирина Чидунчи «Жас ғалым – 2015» облыстық байқауының жеңімпаздары атанды.

Байқауға түскен 23 жоба ішінен С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың магистранты мен докторанты үздіктер қатарынан көрінді. «Жас магистрант» номинациясы бойынша металлургия, машина жасау және көлік факультетінің 2 курс магистранты Сағыныш Нұркімбаев және «Жас Ph.D докторы» бағыты бойынша химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің 3 курс докторанты Ирина Чидунчи жеңімпаз атанды.

Жастарға қызмет ету орталығында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Ғани Сәдібеков жеңімпаздарды құттықтады. Ғани Сәдібеков С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2015 жылы облыстың инновациялық саласына зор үлес қосқанын атап өтті.

– Өңіріміздің инновациялық жүйесін қалыптастыруға және ғылыми инновациялық жобалардың саласын дамытуда Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдарының еңбегі өлшеусіз болды, – деді Ғани Қалыбайұлы.

 

М. Бисембаева