Назарбаев Франция президентін "Достық" орденімен марапаттады

Назарбаев Франция президентін "Достық" орденімен марапаттады
Фото: tn.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Франция президенті Франсуа Олландты І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Франция Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі екенін, елдеріміздің арасында бүгінде экономика және саясат мәселелері бойынша толық түсіністік орнағанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Франсуа Олланд Франция президентінің Астанаға жасаған кейінгі сапары кезінде қол жеткен уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын да талқылады.

Қазақстан Президенті бүгінде Астана мен Париж арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ аэроғарыш салаларындағы ықпалдастықтың зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттар қабылданды: Қазақстан Республикасы Президенті мен Француз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы, Астана қаласында өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне Француз Республикасының қатысуы туралы шарт, Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті мен Француз Республикасының Ғарыштық зерттеулер ұлттық орталығы арасындағы Ғарыш бойынша ынтымақтастықты дамыту саласындағы ниеттестік туралы декларация, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігінің бірлескен декларациясы. ­­

М. Бисембаева