Алматылық студент смартфонға арналған асық ату ойынын жасап шығарды

Алматылық студент смартфонға арналған асық ату ойынын жасап шығарды
Фото: tn.kz

Алматылық студент "асық ату" ұлттық ойыны негізінде смартфонға арналған қосымша жасап шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Мен бұл жұмысты биыл мамыр айында қолға алдым, ұлттық бір дүние жасап шығарғым келді. Өскелең ұрпақтың дәстүрімізді ұмытпағанын қалаймын. Ойынды жасап шығарумен бос уақытымда айналыстым, көбіне түнде", - деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің магистранты Еркебұлан Қазыкенов.

Ойынды жасап шығу жұмыстарымен екі ай айналысқан студент өзге де жобаларды қолға алды. "Жазда бос уақытым болған жоқ. Ал ойынды жасап шықтым, ұсақ-түйек жұмыстары қалды. Қазан айында бұл жобаны қайта қолға алып, оны Play Market-ке жүктедім. 1 қарашадан бастап ол Android қолданушылары үшін қолжетімді болды, енді бір аптадан кейін ол App Store-да пайда болады", - деді Қазыкенов.


Еркебұлан Қазыкенов

Ойынды бір мезгілде төрт ойыншы ойнай алады. Алайда ол үшін ойыншылардың барлығы Wi-Fi желісінде болуы тиіс. Ойыншы асығының санына шектеу болмайды, олар асықтарын бір сызықтың бойына тізеді. "Осыдан кейін иіру арқылы бірінші болып кімнің ататыны анықталады. Кімнің асығы бірінші болып алшыға түссе, сол бірінші атады. Ойыншы ұпай алу үшін белгіленген қашықтықтан атуы тиіс. Асықты қаншалықты қатты ұру керегін shoot батырмасын ұзақ басу арқылы таңдауға болады. Ойын алаңда асық қалмағанша жалғасады", - деді Қазыкенов.

 

М. Бисембаева