Еліміздегі әуежайлар 2017 жылға дейін жаңғыртылмақ

Еліміздегі әуежайлар 2017 жылға дейін жаңғыртылмақ
Фото: 24.kz

Еліміздегі әуежайлар 2017 жылы өтетін халықаралық көрме мен универсиада ойындарына дайын болуы керек.

Әлемдік талаптарды сақтау үшін Астана мен Алматының әуе тораптарындағы қызмет сапасы бұдан ары қарай да жақсара түспек. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орындалады. Бас қаланың әуежай терминалын 40 мың шаршы метрге дейін кеңейту де ойда бар. Ал өзге аймақтардағы 9 инфрақұрылым жүйесін толық жаңғырту қажет. Себебі қазіргі қызмет көрсету сапасы сын көтермейді дейді сарапшылар. Енді авиациялық комитет дүниежүзілік IATA бағдарламасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуді ұсынып отыр. Өйткені алдағы екі жылдың ішінде оңтүстік астанамызға келетін туристер саны қазіргіден 12%-ға көбейеді деп күтілуде.

Бекен Сейдахметов, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы: 
– Бүгінде біз әуежайларға, басқа да қызмет көрсету салаларына талап қойып жатырмыз. Бұл шара ертеңгі күні қонақтар елге келген кезде тіл мәселесі шықпасын деп қолға алынып жатыр. Ол үшін әуежайлар мамандарды үйрету керек. Басқа мемлекеттік органдар жолаушылардың талаптарынан шыға білуі тиіс. 

Руслан Сарин, Халықаралық авиация қауымдастығы аймақтық менеджерінің орынбасары: 
 Мобильді қону талоны, жүктерді тіркеу, одан кейін паспорттық тексеруді автоматтандыру, ұшу бағыты туралы ақпараттарды телефон, интернетпен жіберуге және жолаушылардың өз-өзіне қызмет көрсетуін дамытуды сұраймыз. IATA бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмыстары қызмет құнына әсер етпейді. Авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтің айтуынша, билет бағасы қымбаттамайды.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы