Қостанайда «Кітапхана түні» шарасы өтті

Қостанайда «Кітапхана түні» шарасы өтті
Фото: 24.kz

Қостанай облыстық кітапханасында қызықты да тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Оқырмандар түн ауғанша кітапхананың мұрағат қоймаларын емін-еркін аралап, мекеме қызметкерлері дайындаған түрлі тосын сыйларға куә болды. Ең бастысы – келушілердің барлығы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан мол мағлұматтар алды. Кешкі сағат сегіз. Әдетте кітапхана жұмысы аяқталатын уақыт. Бұл жолы келушілерде есеп жоқ. Ұлттық киімдегі тарих кейіпкерлері оларды құпия-қызық пен тылсымға толы мұрағат қоймаларына жетелеп әкетеді. Студенттер жағы жертөле қабаттағы «сәуегейге» «бал аштырып» кеңесін тыңдауға асық. Бөлімдер орта ғасырлардағы қазақ өмірін еске салады. Мамандар бас сұққандардың бәріне Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінен» үзінді оқи жөнеледі. Тарихты тануға деген ұмтылыс, бұл шығармаға деген сұранысты арттырған. Қасқырбай Қойшыманов есімді оқырман "Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы түсіп отыр екен. Өз басым «Қаһарды» оқыдым. Ондағы Кенесарының хандық бейнесі, оны Ілияс атамыздың қалай суреттегені өзіме қатты ұнады" десе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серікбай Оспанов "Кезінде Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романы алғаш шыққан кезінде оқырмандар арасында үлкен толқыныс болды. Бәрі қуанып, сол кітапты алуға ұмтылды. Өйткені ол кезде тарихи романдарды шығармайтын" деп, бұл шараға көңілі толғанын білдірді.

Ғаламтор жайлаған заман оқырмандардың белсенділігін төмендеткені шындық. Қостанай облысында оқырмандар қатарын көбейту үшін көптеген шара қолға алынған. Бұл акция «Оқитын өлке», «Әдеби десант» жобаларының заңды жалғасы. Әлия Бұзаубекова, Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары: - Бұл үлкен жоба бастамасы деп ойлаймын. Жылдан жылға жалғасады деген ниет, ойымыз бар, сонымен қатар ең негізгі мақсаты – оқырмандарды кітапқа жақындату, кітап оқуға шақыру. Ән, бимен әрленген кешке келушілер Шоқан Уәлихановтың өмірі жайлы деректерге қанық болды. Ал ақындар рухты өлеңдерін оқып, айтыс ұйымдастырды. Іс-шара түнгі сағат 12:00-ге дейін жалғасты. Тағылымды шара тарихи танымымызды кеңейтті, - деді келушілер.

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы