ШҚО-да шенеунік жол апатына себеп болған баласын жалған сөз айтып қорғамақ болды

ШҚО-да шенеунік жол апатына себеп болған баласын жалған сөз айтып қорғамақ болды
Фото: tn.kz

Шығыс Қазақстан облысында әкімнің орынбасары жол апатын жасаған баласын тергеуді алдау арқылы қорғағысы келді, - деп хабарлайды YK-news.kz. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды. Теректі ауылдық округінің әкімінің орынбасары Ержан Сәйкеновтің баласы жол-көлік апатын жасаған. 

"Полиция қызметкерінің рапортында "Қызыл ту" паром өткелінде Suzuki автомобилінің жүргізушісінің паром жұмысшысын қағып, оған былапыт сөз айтқаны жазылған. Бұдан кейін ол оқиға орнынан кетіп қалған", - деп хабарлады Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің өкілдері. Жүргізушіні тәртіп сақшылары тоқтатқысы келген, алайда ол полицейлердің талабын орындамады. 

Кейін жаяу жүргінші зардап шеккен оқиғадағы көліктің Теректі ауылдық округінің әкімінің орынбасары Ержан Сәйкеновке тиесілі екендігі анықталады. Бірақ сол күні көлікті оның баласы жүргізген. "Айта кетерлігі, түсініктемесінде Е.Сәйкенов автомобиль тізгінінде өзі болғанын жазған, осылайша ол жалған жауап беріп, істі тергеуге кедергі келтірді. Сонымен қатар, ол полиция өкілдеріне қатысты дөрекілік көрсетті", - деп хабарлады департаменттегілер.

Сәйкеновтің ісі тәртіптік кеңесте қаралды. Оның қорытындысы бойынша шенеунікті қызметінен босату ұсынылды.

М. Бисембаева