Ақтөбеде Денсаулық фестивалі өтті

Ақтөбеде Денсаулық фестивалі өтті
Фото: easyen.ru

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өткен Денсаулық фестиваліне 1300-ден астам адам қатысты. Олар түрлі дене жаттығуын жасап, дәрігерлерден кеңес алды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. 

Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған Денсаулық фестиваліне емдеу алдын алу ұйымдарының қызметкерлері, орта оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клуб мүшелері, ұстаздар, облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгерлері, қала тұрғындары қатысты. Барлығы 1300-ден астам адам алдымен бой сергітер жаттығу жасап, кейін арнайы концертті тамашалады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық нысандардың қолжетімділігін кеңейту қажет» деп айтқан болатын. Соған орай тұрғындар арасында спортты насихаттау мақсатында 1999 жылдан бастап арнайы денсаулық мерекесі болатын «Денсаулық Фестивалі» өткізіліп келеді. Мақсатымыз - денсаулықты сақтау мен нығайту, дұрыс тамақтану тәртібін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстануды жастық шағынан меңгеру әр азаматтың жауапкершілігі екендігіне бұқара халықтың назарын аудару», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. 

Фестиваль кезінде у-шу, каратэ-до, таэквандо шеберлерінің спорттық көрсетілімі ұйымдастырылды. Жыл сайын саябақтағы бұқаралық жаттығуға қатысатын спортшы Думан Юрийұлының айтуынша, қалада ұйымдастырылатын мұндай спорттық шаралар халықты салауаттылыққа шақырып, белсенді өмір сүруге бағыттайды. 

«У-шумен шұғылданып жүргеніме он жылға жуық уақыт болды. Бұл жәй ғана қызығушылық емес. Спорт маған көп дос табуға, шетелге шығып, ел танытуға септігін тигізді. Ең бастысы, мен дәрігерге жүгінбеймін», - дейді ол.

Акция қатысушылары арасында велошеру мен жүгіру ұйымдастырылды. Ал денсаулығын тексертуді қалаған тұрғындар үшін дәрігерлер кеңес берді. 

Айта кетейік, облыста 1591 спорт нысаны бар. Онда 213 мыңнан астам адам жаттығады. Бұл өңір тұрғындарының 25,9 пайызын құрайды. 

М. Оңғарова