Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астанада мәдени шаралар өтеді

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астанада мәдени шаралар өтеді
Фото: tn.kz

Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Астанада ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылады. Басты салтанатты шара "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда өтеді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"11-13 қыркүйек аралығында "Қазақ Елі" монументінің алдындағы алаңда үлкен этноауыл ашылады. Қазақстанның барлық өңірінің қатысуымен халықтық серуен ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, "Қазақ Елі" алаңына 50 киіз үй тігіледі, екі үлкен сахна, спорттық алаңдар, алтыбақандар, тайқазандар және тағы да басқалар орнатылады. Этноауылда ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақтан жарыстар өтеді. Мерекелік шаралар бағдарламасына сондай-ақ, сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкесі, халық шеберлерінің шеберлік дәрістері, үздік шығармашылық ұжымдардың концерттері, сонымен қатар, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт енгізілді.

Сонымен қатар, республикамыздың әрбір өңірі елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына үздік хореографиялық ұжымдардың, этнографиялық ансамбльдердің, халық және эстрада жанрлары солистерінің қатысуымен бір жарым сағаттық мәдени бағдарламаны ұсынады.

М. Бисембаева