Петропавлда қарияларға арналған ретро би алаңы ашылды

Петропавлда қарияларға арналған ретро би алаңы ашылды
Фото: 24.kz

Енді қала қариялары кешқұрым жиналып, жастық шақтарын еске алады.

Жергілікті өнер ұжымдары олар үшін өткен ғасырдың 80-90 жылдардың хит әндерін шырқайды. Белсенді өмір салтын ұстанған зейнеткерлер бір-бірімен танысып, жұптарын үйлеріне дейін шығарып салады.

Сайдаш Садықұлы сексеннің сеңгіріне шықса да, серілік сезімін жоғалтқан жоқ. Жалғыз тұратын ақсақал би кештерін тағатсыздана тосып, сұлулардың жүрегін жаулауға шығады.

Өткен апта ашылған алаң адамдардың сүйікті орнына айналды. Әсіресе, жаны жас қариялардың қарасы қалың. Таза ауада олар өз замандарының әндерін тыңдап, би билейді.

Фаина Покатаева, қала тұрғыны: — Биге осында танысқан жігітіммен келдім. Өте көңілді. Жастық шағымызды еске салып, бір серпіліп қаламыз. Би алаңы бейсенбі, жұма, сенбі жұмыс істейді. Көпшіліктің сұранысы бойынша әр күні әртүрлі әндер шырқалады. Ұйымдастырушылар репертурады жаңалап, жастарды да тартуды жоспарлап отыр.

Әлия Бейсенова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: — Сағат 19.00-ден 22.00-ге дейін осы жерде сүйікті музыкалалық композияциялары, әндер айтылады. Біздің қалада жалғыз тұратын қарт адамдар да бар. Осы би кештерін сол кісілер жалғыздықты танымай, бір-бірімен танысып, көңілін көтеріп жүру үшін ұйымдастырамыз.

Аспан астында, салқын самалда би билеуге 300-дей зейнеткер жиналады. Сауық-сайран құрып кешкі ондарда үйлеріне тарайды.

Дереккөз: 24.kz

Н. Нұрмаханұлы