Астана әуежайында жарылғыш зат табылмады

Астана әуежайында жарылғыш зат табылмады
Фото: tn.kz

Астана әуежайында жарылғыш бар делінген мәлімет расталмады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі көлікктегі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуежай штаттық режимдегі жұмысқа көшті. Жарылғыш зат туралы жалған ақпараттан кейін мыңнан аса адам эвакуацияланып, 4 рейс кешікті. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат таратқан ер адамның аты-жөнін анықтап жатыр.

Астана әуежайының маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілдерінің айтуынша, ғимараттан мыңнан аса адам эвакуацияланған. 

"Эвакуация жайлы хабарландыру дыбыс зорайтқыш аппараттан айтылды. Рейсін күтіп отырғандардың барлығы шұғыл түрде ғимараттан және әуежай автотұрағына жақын маңнан алыстатылды", - деп хабарлады маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілдері.

Жарылғыш затты іздеу барысында төрт рейс кешіктірілді, олардың бірі Қазан қаласына ұшатын халықаралық рейс. "Осы уақытта Астанаға ұшып келген үш рейстің жолаушылары әуе кемесінің бортында күтуге мәжбүр болды. Жолаушыларға қызмет көрсету, жүктерді тасымалдау 10.55-те басталды. Астана әуежайында жарылғыш зат табылмады", - деді олар.

М. Бисембаева