Қазақстанда хакерлік шабуылды анықтайтын орталық құру қажеттігі айтылды

Қазақстанда хакерлік шабуылды анықтайтын орталық құру қажеттігі айтылды
Фото: v3.co.uk

Қазақстанда хакерлік шабуылды анықтайтын орталық құру қажеттігі айтылды. Бұл мекеменің арқасында ақпараттық қауіпсіздік сақталады, - деп хабарлайды 24.kz тілшісі.

Қазақстан Софтерлік компаниялар қауымдастығы осындай бастама көтеріп отыр. Елімізде киберқылмыс айылын жимай тұр. Күні кеше Астананың тұрғыны шетелдік банктен оңай жолмен несие алам деп, сан соғып қалды. 4 млн теңге бермек болған банк, ақырында біздің азаматтың өзінен 150 мың АҚШ долларын алдап, қалталарына басқан.

Ербол Досниязов, Астана қаласы ІІД тергеу бөлімі басқармасы басшысының орынбасары: "IP мекенжайды тексерген кезде ақшаның Оңтүстік Африкадағы азаматтарға аударылғаны белгілі болды. Дәл осындай жағдай жуырда тағы қайталанды. 2 мың доллар тұратын шизлонгты алуға клиент әртүрлі себеппен 16 мың доллар аударған".

Аян Әлімханов – ІТ маман. Компьютерлік бағдарламаларды шемішкеше шағады. Оның айтуынша, хакерлер қажет мәліметті алу үшін арнайы вирустар жазады. Ол арқылы, тіпті сіздің есепшотыңыздан ақша шешіп алуға да мүмкіндіктері бар".

Аян Әлімханов, бағдарламашы: "Хакерлердің шабуылынан қорғану үшін біріншіден, түрлі парақшаларға кірмеу керек. Флешкаға ақпарат жазғанда тексеру қажет. Сондай-ақ құпия сөздеріңіз қысқа болмағаны жөн".

Қазақстанда ғаламтордағы вирустарды зерттейтін бірде-бір зертхана жоқ. Бұл – ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіретін басты фактор. Қазақстан Софтерлік қауымдастығы хакерлік шабуылдарды анықтайтын орталық ашуды ұсынуда.

Абутәліп Мүтәлі, Қазақстан Софтерлік компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры: "Мұндай орталық Ресейде бар. Бұл орталықтың арқасында ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік туады".

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 1 млн АҚШ доллары қажет. Мәселен, Араб Әмірліктері 2012 жылы осындай орталықты 2 млрд долларға құрған. Қауымдастық іске кірісу үшін мемлекеттің қолдауын күтіп отыр. Әлем бойынша тәулігіне хакерлер тарапынан 5000-ға тарта киберқылмыс жасалады. Ғаламторда басыңызды қатерге байламау тек өзіңізге байланысты. Күмән тудырған нәрсені жіті бақылап, пернетақтаның әр тетігін байқап басыңыз".

Ф. Абилова