Мемлекеттік қызметкерге жаңа жүйе бойынша жалақы төленеді

Мемлекеттік қызметкерге жаңа жүйе бойынша жалақы төленеді
Фото: empitry.com

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Айгүл Шайымова келер жылдың 1-қаңтарынан бастап, мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесі жаңа тәсілмен жүргізілетіндігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Baq.kz.

- Біз келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жаңаша әдіспен жүргізуді қолға алғалы отырмыз. Бұл мәселе Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылмақ. Өйткені, қазір бір деңгейде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер жұмыс көлемінің әртүрлі болғанына қарамастан, бірдей жалақы алатыны түсініксіз әрі сыйақы да ісіне қарап берілмейді. Яғни, мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеу факторлы-балдық шкала тәсілімен тағайындалатын болады. Аталған шкалада лауазым иерархиясын ғана емес, нақты бір қызметшіге салынып отырған міндеттердің маңыздылығы, жұмыстың жауапкершілігі мен оның нақты көлемі ескерілетін болады, - деді Айгүл Амантайқызы.

Сонымен қатар, қатар ол еңбекақы тағайындау мәселесінде маманның мемлекеттік органның стратегиялық мақсатына қосқан үлесі де назарға алынатындығын атап өтті.

- Яғни, лауазымдарды сегіз ықпал бойынша нақтыланбақ: қызметкерлерді басқару, жауапкершілік, дербестілік, жұмыс өтілі, арнайы білім деңгейі, байланыс деңгейі, жұмыс ауырлығы мен қабылдаған шешімдерінің нәтижесі, - деді ол

Сондай-ақ, маманның мәліметінше, жалақы төлеудің балдық шкала тәсілі АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия, Жаңа Зеландия сынды елдердің тәжірибесіне сәйкестендіріліп алынып жатқан көрінеді.

Е. Жұмабайұлы