Алматының кейбір көшелерінде автокөлікпен жүруге тыйым салынады

Алматының кейбір көшелерінде автокөлікпен жүруге тыйым салынады
Фото: commondatastorage.googleapis.com

Алматының әр ауданында өз "Арбаты" болады, бұл туралы Тengrinews.kz хабарлады "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап. Қазіргі уақытта дат сәулетшісі Ян Гейлдың көркейту жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ол қалалықтарға жайлы болуы үшін жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді ашуға кеңес беріп отыр. Биылғы қыркүйектің өзінде Алматының бірнеше көшесінде автокөлік мүлдем жүрмейтін болады.

"Қала біртіндеп автокөлікке арналған кеңістікке айналып жатыр. Жаяу жүргінші мен велосипедшіге арналған орындар бүгінде өте аз. Бізде әзірше тек Арбат сондай аумақ - көліктер үшін жабылып, жаяу жүргіншілерге арналған. Қалалықтар үшін ыңғайлы болатын осындай орындар ашу үшін әкім шетел сәулетшісі Ян Гейлдың жобасын ұстану керектігін тапсырды. Жергілікті әкімдіктер өз аудандарында осы жобаны жүзеге асыруға болатындай мүмкіндігі бар аумақтарды белгіледі", - деді қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Айнұр Сарбаева.

Сонымен, Алатау ауданында автокөлік қозғалысына Момышұлы көшесінің бойымен Райымбек даңғылынан Мұз аренасына дейін (батыс жағы), Алмалы ауданында Байсейітова көшесінің бойымен Қабанбай батыр көшесінен Бөгенбай батыр көшесіне дейін тыйым салынады.

Әуезов ауданында Момышұлы көшесінің бойымен Райымбек даңғылынан Шаляпин көшесіне дейін, Бостандық ауданында Тимирязев көшесінің оңтүстік жағымен Есентай өзенінен Жароков көшесіне дейін, Жетісу ауданында Мұқатай көшесінің бойында №137 орта мектебінен "Айнабұлақ" базарына дейін, Медеу ауданында Жолдасбеков көшесінде Достық даңғылынан Фурманов көшесіне дейін автокөліктер жүрмейтін болады. Ал Наурызбай ауданында Шаляпин көшесінің бойында Яссауи көшесінен Әуезов көшесіне дейін, сонымен қатар, Әуезов көшесінің бойында Шаляпин көшесінен Жайлы ықшамауданына дейінгі аумақ жергілікті "Арбат" ретінде жаяу жүргіншілердің аумағына айналады. Түрксіб ауданында жаяу жүргіншілер аймағы ретінде Жұлдыз ықшамауданындағы Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойы қалады, яғни Жансүгіров көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралық жасыл аумақ атанады.

Жаяу жүргіншілерге арналған әрбір аймақта көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балаларға арналған және спортпен айналысуға арналған алаңдар салынады, ал ең бастысы - көлік қозғалысынан босаған әрбір аймақтың бойында велосипедшілерге арналған жолдар мен велотұрақтар пайда болады.  

"Велосипедтерге арналған жолдардың негізгі қабаты рәзеңкеден төселеді, себебі велосипедшілер құлаған кезде ауыр жарақат алмауы тиіс. Оның үстіне, міндетті түрде велотұрақтар ашылады", - деді Сарбаева. Бұл жоба үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін жалпы сома - 800 миллион теңге.

Е. Жұмабайұлы