Отандық тауарлар Қырғызстанға экспортталмақ

Отандық тауарлар Қырғызстанға экспортталмақ
Фото: gmjphoenix.com

"Қазақстандық отандық өнімдер енді қырғыз еліне сатылатын болды", — деп хабарлайды 24.kz порталы.

Қазірдің өзінде 26 кәсіпорын көршілес елдің кәсіпкерлерімен өзара сауда-саттық жасауға сақадай сай отыр. Осы мақсатта отандық тауар өндірушілер Қырғыз кәсіпкерлерімен кездесті. "ҚазНексИнвест" Экспорттау және инвестициялау ұлттық агенттігінің болжамы бойынша бұл екі ел үшін тиімді жоба болмақ.

Қазір бағдаршамсыз авокөлік қозғалысын елестету мүмкін емес. Сондықтан болар, тауарға сұраныс артқан. Орта Азиядағы бағдаршам жасайтын жалғыз кәсіпорын Ақтөбеде орналасқан. Барлық талаптарға сай жасалған құрылғының бағасы да қолжетімді. Кәсіпкерлер отандық тауардың қырғыз елінде жоғары бағаланатынына сенімді.

Надежда Чернышова, зауыт өкілі: - Бұл бағдаршамдардың ерекшелігі – сырты қатты металмен  қапталған. Жол апаты жағдайында төзімді. Басқа бағдаршамдарда 20 градустық жарық диоды болса, мұнда 30 градусты құрайды. Яғни көпжолақта жолдарды анықтау оңай. Екі ел арасындағы бизнес-форум «ҚазНексИнвест» инвестиция және экспорттау жөніндегі ұлттық агенттігінің мұрындық болуымен 5-ші рет өтті. Жыл сайын аталмыш шараға қатысып, өз өнімдерін жарнамалауға ниетті кәсіпкерлердің саны артып келеді. Соңғы жылдары 60-қа жуық қазақстандық кәсіпкер мен 300-ге жуық қырғыз кәсіпорны арасында байланыс орнады. 15 миллион теңгенің келісім-шарты жасалды.

Армана Бекбасова, "ҚазНексИнвест" өкілі: - Бизнес форумда тамақ, фармацевтика, көлік құрастыру, химия саласындағы 26 қазақстандық кәсіпорын қатысты. Олардың тауары бұған дейінде экспортталған. Енді қырғыз нарығына да жол салуды көздеп отыр. Шара аясында жүзге жуық іскерлік кездесулер болды. Енді 5 миллион доллардың келісім-шарты жасалауы керек.

Былтыр Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 1 миллиард долларды құраған. Айыр қалпақты ағайынның Еуразиялық одаққа кіргенін есептесек, алдағы уақытта екі ел арасындағы алыс берістің артатыны сөзсіз.

Е. Жұмабайұлы