Қазақстандық әнші Тарканмен бірігіп ән айтады

Қазақстандық әнші Тарканмен бірігіп ән айтады
Фото: tn.kz

Қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожа түріктің әйгілі әртісі Тарканмен бірігіп ән айтады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне әншінің PR-директоры Фариза Байелі хабарлады.

PR-директордың айтуынша, түрік әншісінің өкілдері қазақстандық орындаушы Әбдіжаппар Әлқожаның Tutamas әнін орындаған видеосын Youtube желісінде көріп қалған. Содан кейін олар қазақстандық әншіге хабарласып, өз әнін жақсы орындап шыққанын айтып, кейін бірігіп ән жазуға ұсыныс жасаған. Әбдіжаппар Әлқожаның айтуынша, түрік әріптесімен бірігіп ән айтуға ол да қарсы емес. "Бәріміз түбір бір түркінің тумасымыз, қанымыз тарта ма, тарихымыз бір болғаннан кейін бе, әйтеуір бүйрегіміз бұрып тұрады. Батысқа қарағанда түріктің әндерін тыңдаймын", - деді әнші.

Сонымен қатар, отандық орындаушының айтуынша, Түркия елінің музыкасы, өнері және рухани мәдениетінде жетістік көп. "Тарканды білмейтін қазақ жоқ. Кезінде Du-Du, Kuzu сияқты әндерімен қазақ еліне де танымал болған еді", - дейді Әбдіжаппар Әлқожа.

М. Бисембаева