"Славян базары" байқауына Казақстаннан кімнің қатысатыны белгілі болды

"Славян базары" байқауына Казақстаннан кімнің қатысатыны белгілі болды
Фото: tn.kz

"Славян базары-2015" байқауында Қазақстан атынан 21 жастағы әнші Димаш Құдайбергенов өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kzтілшісі.

Жас орындаушы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Димаш Құдайбергенов бұған дейін де бірнеше халықаралық байқауға қатысқан. 2012 жылы ол "Шығыс базары" эстрада әншілерінің байқауында жеңімпаз атанып, бір жылдан кейін "Мейкин Азия" жас орындаушылар фестивалінің жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, "Славян базары-2015" байқауында балалар арасында Қазақстан атынан ақтаулық 10 жастағы Луиза Нұрқуатова сынға түседі.

Айта кетейік, "Славян базары" 9-13 маусым аралығында Витебскте өтеді. Бұл жылы фестивальге Ирина Аллегрова, Тамара Гвердцители, Лев Лещенко, Валерий Леонтьев, Валерий Меладзе, Григорий Лепс, Әлішер Кәрімов, Александр Рыбак қонақ ретінде қатысады. 2014 жылы "Славян базары-2014" халықаралық музыка конкурсында "Қазақстан Дауысы" жобасының қатысушысы, қазақстандық әнші Мархаба Сәбиева қатысып, үшінші орынды жеңіп алды. 

М. Бисембаева