«EXPO-2017» Халықаралық көрмесі жабылды

«EXPO-2017» Халықаралық көрмесі жабылды
Фото: inform.kz

Кеше еліміздің бас қаласы Астанада бүкіл әлем көз тіккен «EXPO-2017» Халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты болып өтті. 

«EXPO-2017» көрмесінің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрмені өткізу идеясын қолдағаны үшін Қазақстан халқына ризашылығын білдірді. 

«Осымен EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын. Біз бірінші күннен бастап қолға алғаннан кейін үлкен көрменің құрылысы бар болғаны үш жылға жетпейтін уақытта тұрғызылды. Қаланың ең көркем ауданы салынды. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты. Осы идеяны қолдағаны үшін ең алдымен Қазақстан халқына шын ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде EXPO құрылысына атсалысқан архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер, еріктілер бар. Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Барлықтарыңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсенді қатысқандарыңыз үшін шын жүрегіммен алғыс айтамын», - деді елбасы. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовке, жабылу салтанатына жиналған мемлекеттер мен үкімет басшыларына, Халықаралық көрмелер бюросына ерекше алғысын білдірді. 

Expo-2017: Болашақ Энергиясы - Халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты (Толық нұсқа)

Айта кетелік, «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған «EXPO-2017» көрмесі Астанада 2017 жылдың 10-маусымы мен 10-қыркүйегі аралығында өтті. Шараны 178 елден 4 миллионға жуық адам тамашалады.

Ж. Жұмағұлов