Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіндегі халықаралық павильондарды аралауға кеңес берді

Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіндегі халықаралық павильондарды аралауға кеңес берді
Фото: tengrinews.kz

Елордамыз Астанада өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің аяқталуына да 16 күн қалды. "Астана ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов келуші туристерге қалған 16 күнде халықаралық көрмедегі шетелдік павильондарды ертерек көріп, баса назар аударуды айтты.

Халықаралық көрмеге келушілер саны күн сайын артқанмен, ЭКСПО-2017 жабылу уақытын создыру Халықаралық көрмелер бюросы бекіткен үш айлық регламентке сәйкес келмейді. Сондықтан "Астана ЭКСПО-2017 ҰК" АҚ басшысы Ахметжан Есімов әлем елдерінің павильондарын 10 қыркүйекке дейін тамашалап үлгеруге кеңес берді.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің 3-миллионыншы қонағы 38 жастағы мәскеулік Юрий Шурыгин атанды. Ұлттық Компания басшысы Ахметжан Есімов ресейлік қонақты құттықтау мақсатында арнайы келіп, Юрий Шурыгинге планшет пен арнайы сыйлықтарын табыстады.

Айта кетсек, Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық көрменің миллионыншы қонағы бір айда белгілі болса, 2-миллионыншы келуші небәрі 24 күнде анықталды. Ал бүгін ЭКСПО-2017 көрмесіне 3-миллионыншы турист келгені белгілі болып отыр.

Сондай-ақ, Ұлттық компания басқарма төрағасының айтуынша, ЭКСПО территориясындағы "Нұр Әлем" павильоны мен өзге де объектілер көрме жабылғаннан кейін де туристік нысан ретінде қала бермек.

Ж. Өрісбай