Пәкістан энергия өндірмейді, оны үнемдейді

Пәкістан энергия өндірмейді, оны үнемдейді
Фото: massaget.kz

Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген Пәкістан делегациясы баламалы энергияны өндіру жолдары мен жобаларын емес, қолда бар электр энергиясын қалай үнемдеу немесе энергиясыз қалай өмір сүруге болатынын көрсетуге келген. Ендеше толығырақ танысып өтейік.

Азия континентінде орын тепкен Пәкістан дамушы елдердің қатарына жатады. Елдің саяси-экономикалық дамуы біршама төмен жағдайда тұрғандықтан, инновациялық жобаларды жүргізуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді. Есесіне пәкістандықтар өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, аптап ыстықта суды қалай салқын күйде сақтауды және бөлменің температурасын бірқалыпты ұстауды үйреніп алған.

Диспенсердің пәкістандық нұсқасы

Қазіргі қоғамдағы кеңсе орындарында суды суық әрі ыстық күйде беретін аппараттар сұранысқа ие. Су қалыбын осылай өзгерту үшін, әрине, электр энергиясы керек. Ал энергия көзі болмаса ше? Мұның шешімі ретінде пәкістандықтар диспенсердің қаңқасын балшықтан жасалған құмыра тәріздес ыдыспен ауыстырған.

Диспенсерге құйылатын суға арнайы суды тазартатын химиялы қоспа қосады.

Павильон таныстырушысының айтуынша, саздан жасалған ыдыс суды бастапқы температурасында сақтай алады. Демек суды суыту үшін электр энергиясын жұмсаудың қажеті жоқ.

Пәкістанда таза судың тапшылығы да бар. Олар суды тазартатын қарапайым аппарат құрастырған. Оның үстіндегі күн панелі аппараттың жұмыс істеуіне қажет энергияны өндіреді. Десе де, аппарат суды толықтай тазартпайды екен. Алынған жартылау таза су бөлік ыдыста тұндырылады. Сосын диспенсерге құйылады.

Бөлмеге салқындатқыш керек емес

Пәкістан геолокациясына мән берсек, территориясы айтарлықтай ыстық климаттық белдеуде орналасқанын көреміз. Сондай-ақ, Қытаймен шекаралас бөлігінде шөлді аймақ жатыр. Демек пәкістандықтардың үйінде желдеткіш немесе салқындатқыш аппараттың болғаны тиімді. Дегенмен, халықтың басым бөлігі тұрмыстық техниканы сатып алуға қауқарсыз. Сондықтан үйдің төбесін бамбук ағаштарымен жауып, мәселені түбегейлі шешкен.

Бамбук ағашынан жасалған үй төбелері Пәкістанда кеңінен таралған

Бамбук ағаштары жаңбырға төзімді әрі күн сәулесінің жылуын өткізбейді. Демек үйдің температурасы бірқалыпты сақталады. Ал кейбір пәкістандықтар екі қабат бамбук ағаштарымен жауып, салқын температураны сақтайды. 

Ж. Өрісбай