Сербтер Никола Тесланың мұрасын жеткілікті деңгейде дамытып жүр ме?

Сербтер Никола Тесланың мұрасын жеткілікті деңгейде дамытып жүр ме?
Фото: massaget.kz

Ауқымы бойынша әлемде өткізілетін көрмелердің ең алпауыты саналатын ЭКСПО тақырыбы баламалы энергия болған кезде, оған Сербия қатыспауы мүмкін емес. Себебі еркін энергия көзін тауып, алғашқы электр негізінде қозғалатын көлікті құрастырған Никола Тесланың Отаны – Сербия.

Сербия павильоны халықаралық көрме территориясында Ресей, Шри-Ланка, Аргентина және Мысыр елдерінің көрмесімен бір секторда орналасқан. Павильон үш бөліктен тұрады. Бірінші секцияда Сербия өзіне қажет энергияның жартысынан көп бөлігін алатын су электр станциялары туралы мәліметтер легі берілген. Сербиялықтар үшін энергияның негізгі көзі – су. Себебі АҚШ-тағы Ниагара сарқырамасы жанынан салынған алғашқы су электр станциясынан кейінгі екінші орындағы станция осы елде құрылған. Ол бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді.

Сербия басшылығы су электр станцияларынан шығарылған энергияның 38 пайызын экспорттайды. Ал, қалған бөлігі серб халқының игілігіне беріліп жүр. 

Екінші секцияда желдің күші негізгі принципке алынса, үшінші бөлікте – биомасса. Сербияның шығыс бөлігінде жел жылдамдығы жоғары әрі үдемелі болғандықтан, жел трубиналары осы аймақтарда шоғырландырылған. Ал Сербиядағы ең алғашқы жел диірмендері XVIII ғасырда салынған екен.

Никола Тесланың құрметіне арналып жасалған бөлмеде ғалымдың тірі кезін елестетіндей ой қалдыратын 

интерактивті тақтадағы мынадай көрініске тап боласыз

Баламалы энергияны алудың үшінші жолы - биомасса. Нақытақ айтар болсақ, әртүрлі қоқыстарды жандыру арқылы энергия өндіру ойластырылған. Бұл әдіс қазіргі таңда кеңінен тараған. Себебі адамның саны мен оның тұтыну мүмкіндігі артқан сайын, тұрмыстық өмірінен шығатын қоқыстың көлемі де артып келеді. Ал, оны жоюдың тек бір амалы ғана бар. Ол – жандыру.

Сербия аумағының 5 миллион гектар жері ауылшаруашылығына берілген. Демек одан шығатын шаруа қалдығы да мол болатыны белгілі. Сондықтан биомасса энергиясының өзектілігі артып жатыр. 

Қазіргі таңда биомассаны жандырудан алынатын энергия Сербиядағы қайта қалпына келетін энергия
көздерінің үштен екі бөлігін қамтып отыр

Сербия павильонындағы үш секцияның орталығында Никола Тесланың құрметіне бөлме қабырғасы көтерілген. Оның ішінде белгілі ғалымның ізін басқан шәкірттері өздерінің инновациялық өнімдерін таныстырады. Тесланың  еңбектерімен де кеңірек танысу мүмкіндігі қарастырылған.

Ж. Өрісбай