Ресей Арктиканы энергиямен қамтамасыз етеді

Ресей Арктиканы энергиямен қамтамасыз етеді
Фото: massaget.kz

Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілер күн санап артуда. Қонақтарды Арктикадан алып келген мұзымен қызықтырып отырған павильон Ресей өкілдігіне тиесілі.

Ресей павильонында Арктиканы электр энергиясымен қамтамасыз ету идеясы көрсетілген. Нақтырақ айтар болсақ, мұнда жүзбелі атомдық электр станциясының макеті жасалған. Ресми ақпаратқа орай, қазіргі таңда Ресейдің Арктикадағы зерттеу жұмыстарын жүргізетін 110 негізгі метеостанциясы бар. Аязды суықта олардың барлығына энергия жеткізу басты мәселеге айналған. Сондықтан бұл жобаның жүзеге асырылуына көптеген мамандар ат салысып жатыр.

Кемеде орнықтырылған атомдық электр станциясының әлемде әзірге аналогі жоқ. Бұл жобаны РосАтом мемлекеттік корпорациясы "Балтийский завод" және "Малая Энергетика" компанияларымен бірігіп, жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда, кеме құрылысы бітуге таяу қалған. Жоспар бойынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Ал 2018 жылдың басында кеме толықтай іске берілмек.

Көрмеде жүзілмелі атом электр станциясынан бөлек әлемдегі ең алып мұзжарғыш кеменің түрлері ұсынылған.
Мысалы, суреттегі кеме "Лидер" деп аталады. Ол қалыңдығы 4 метрге дейін жететін мұзды жарып өте алады.

Кеменің ішінде екі реактор (КЛТ-40) бар. Әрбір реактор сағатына 35 МВт энергия өндіре алады. Одан бөлек, 140 гигакалория жылу энегиясымен қамтамасыз етеді. Орта деңгейдегі қуаттылыққа ие реакторлар 36 жылға дейін тоқтаусыз еңбек етеді. Содан кейін толық тексеруден өткізу жоспарланған.

Кеме мұзжарғыш типінде құрастырылған, ұзындығы 144 метрге дейін жетеді. Ал, ені – 30 метр. Кеменің негізгі қызметі – Арктиканың алыс аймақтарында орналасқан орыстың метеорологиялық станцияларына электр мен жылу энергиясын жеткізу.

Сонымен қатар, кемеде теңіз суын тұщытатын арнайы аппарат орналастырылған. Нақтылап өтсек, кеме тәулігіне 240 мың куб метрге дейін суды тұщытады.

Макетте кеменің Чукоткадағы метеостанцияға келіп, энергиямен қамтамасыз етіп жатқанын көруге болады.

 Халықаралық көрмеде баламалы энергияны өндіруге қатысты жобалармен танысып қана қоймай, өзге де қызық дүниелерді көруге болады. Мысалы, қонақтар павильонға арнайы Арктикадан алып келінген мұз бөлігін ұстап көре алады.

Мұздың биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Ал қалыңдығы – 4 метр. Мұз оқшауланған. Десе де, мұзды ұстап көру мүмкіндігіне ие бола аласыз.

Одан бөлек, Ресей павильонында әлемдегі ең суық аймақта өмір сүретін Амур жолбарыстары жайлы көбірек мәлімет ала аласыз. Қазіргі таңда, олар жойылып кету қаупі бар жануарлар қатарына кіреді. 

Ж. Өрісбай