Дүниежүзілік көрме аясында «Таңсұлу» спектаклі көрермен назарына ұсынылды

Дүниежүзілік көрме аясында «Таңсұлу» спектаклі көрермен назарына ұсынылды
Фото: vk.com

Елордасы Астана қаласында өтіп жатқан «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры 18-25 маусым аралығында өнер көрсетеді.

Кеше Астаналықтар мен «Экспо-2017» көрмесі қонақтарының назарына «Таңсұлу» драмасы ұсынылды.

Қазақ қызының батылдығы мен рухының биіктігін паш ететін «Таңсұлу» қойылымы театр репертуарынан орын алған үздік туынды. Бұл спектакльде қазақ әйеліне тән барлық қасиет, мінез бен болмыс-бітім қамтылған. Ол – ерке, нәзік болса, енді бірде асқақ, намысшыл, қайсар. Бойында әншілік қасиеттен бөлек, домбыра мен жетігенде ойнайтын шеберлік те бар. Оның бақыты – отбасылық өмір. Өзін бір әулеттің ұйытқысы санайтын Таңсұлу сынды арудың бойынан ел күтпеген батырлықты, қайсарлықты қойылым барысынан көруге болады. Ал, гүлден де нәзік арудың қолына қару алдырған оның рухы, ұлттық намысы. Тектілік пен намыстың символы саналатын Таңсұлу образынан, оның іс-әрекетінен тағылым алмау мүмкін емес.

Туған тіл, салт-дәстүр, ұлт тарихынан хабар беретін қойылымның режиссері Алма Кәкішева болса, авторы – Ғарифолла Есім.

Айтарын астармен жеткізетін, эпикалық тынысы кең көлемді туынды «Таңсұлу» жастарды патриоттық рухта тәрбиелейтін қазақ қыздарының намысшыл, өр рухты болуын дәріптейтін қойылым. 

А. Оралқызы