Алауға апарған арманым...

Алауға апарған арманым...
Фото: massaget.kz

Массагет.кз сайты кеше ғана шымылдығын түрген XXVIII Халықаралық қысқы универсиада ойындарының алауын Алматы қаласында алғаш болып жаққан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттік ректоры Ерниязова Айсұлумен сұхбаттасып қайтты. 

Массагет: Алғаш алауды жағу және алып жүру сізге тапсырылған кезде қандай күйде болдыңыз? 

Айсұлу: Шынымды айтсам, басында не болып жатқанын түсінгенім жоқ. Бағдарламамен танысқан адамдар, әріптестерім және де басшылық құттықтап жатты. Бұндай үлкен жауапкершілікті тек дайындық кезінде сезіне бастадым. Үлкен мәртебеге ие болғанымды тек алауды жағатын кезде түсіндім. Қатты қобалжыдым, өзіме жүектелген үдеден шығуға тырыстым. 

Массагет: Халықаралық деңгейдегі доданың алауын алып жүру үлкен мәртебе. Бұл мәртебеге қалай ие болдыңыз және осындай үлкен мәртебеге ие болу үшін не істеу керек? 

Айсұлу: Менің ойымша, өз жұмысыңа деген адалдық күні бойы тынбай жұмыс істеуді талап етеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жастарымен жұмыс жасау маған өте қызықты. Өткен жылдан бастап Алматы қаласының жастарымен жұмыс жасау барысында көшбасшы ретінде таныла бастадым. Басшылықтың қолдауының арқасында, бірге жұмыс жасайтын командамның ұйымшылдығының нәтижесінде осындай мәртебеге ие болдым. 

Массагет: Елімізде өтіп жатқан Универсиада туралы не айтасыз, өз ойыңыз? 

Айсұлу: Универсиада жайлы көп нәрсе айтуға болады. Мен үшін ең алдымен қуантарлығы Қазақстанның осындай үлкен дәрежеде жарысты өткізуге мүмкіндігі зор екенін әлем мойындады. Және де жарысқа келген қатысушы елдердің саны бойынша рекорд орнатуы да тамаша жағдай. Қазірдің өзінде біздің спортшыларымыздың арқасында қоржынымызға түсіп жатқан медальдарға өте қуанамыз. Универсиаданың Қазақстанда өтуі еліміздің имиджін жаңа дәрежеге көтерілуіне себеп болды. Сонымен қатар еліміздегі жастардың спортқа деген құлшынысының жоғарлауына септігін тигізері анық.

Массагет: Алауды жаққан  кезде және алып өткен кезде қандай сезімде болдыңыз? 

Айсұлу: Өте қатты қобалжыдым. Алғашында дайындыққа келіп жүрген кезімде, әуенмен бірге үлгере алмай немесе әуеннен кейін келіп жатқан кездер болды, бірақ сол күні, салтанатты түрде басталған сәтте өзімді қолға жиып, алауды жақтым. Бәрі өте жақсы, өз ойымдағыдай өтті. Бұл, сол жердегі көрермендердің яғни ҚазҰУ студенттерінің осындай қуанышты сәтті менімен бөлісіп маған қолдау көрсетуінің арқасында деп білемін.

Массагет: Алауды алып өтер күні қасыңызда ата-анаңыз болды ма? Олар сіздің бұл жетістігіңізді қалай қабылдады? 

Айсұлу: Ашылу салтанатының болатын күні, маған алауды жағу мәртебесі бұйырған күн менің туған күніме келіп түсуі және дәл сол сәтте әкемнің келіп, көріп маған қолдау көрсеткені мен үшін толыққанды бақыт. Қазір біз ата-анамызды қаржылай жағынан емес, осындай мүмкіндіктермен қуанта аламыз емес пе? Әкемнің "қызым мен бақыттымын" дегендегі сөзі көкірегіме мақтаныш ұялатты. Осылай ата-анасын қуантып, үлкен бақытқа кенелуді әрбір жанға тілеймін.

Массагет: Керемет! Туған күніңізге тұспа-тұс келуі де ерекше дүние екен. Қазақ жастарына қандай тілек айтар едіңіз? 

Айсұлу: Сол күні бәрі мені құттықтап жатты. Қала жастарының атынан шығып, оларды көрсету мен үшін өте маңызды. Және де бұл мәртебеге ие болуыма олардың қосқан үлесі зор. Өз жұмысыңа деген сүйіспеншілік, адалдық, тынбай еңбек ету осындай үлкен мүмкіндік сыйлайтынына дәлел. Жастарға үлгі бола алғаныма мен өте қуаныштымын. Оларға тілерім, армандаңдар, алдарыңа мақсат қоя біліңдер және де сол мақсатқа жете біліңдер. Өйткені біздің әлемде, біздің елде бәрі де мүмкін. Сонымен қатар спортты сүйе біліңдер, спортпен айналысыңдар дегім келеді. 

Массагет: Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Марғұлан Ақан

М. Ақан