Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Мәңгілік ел / Беткеұстар / NASA-да Марсқа ұшудың жолдарын қарастырған Димаш

NASA-да Марсқа ұшудың жолдарын қарастырған Димаш

NASA-да Марсқа ұшудың жолдарын қарастырған Димаш

NASA. Ол ұйым туралы естіп пе едіңдер? NASA – аэронавтика жəне ғарышқа ұшу саласын зерттейтін агенттік. 1958 жылы АҚШ-та құрылған. Алматылық 11-сынып оқушысы Димаш осы NASA-ның жазғы мектебінде оқып келді. Оның астрономия мен физикаға қызығушылығы зор. Түрлі республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы. Спортқа да таласы бар. Мектеп оқушыларының президенті болған белсенді өрен. Пікір-сайыс үйірмесіне де қатысып, көп алдында сөйлеу шеберлігін арттырып жүр. Аспан əлеміне қызығатын Димаш Хьюстондағы United Space School мектебі туралы досынан естіпті. Содан бағын сынап көреді. Дүниежүзінен 200-ден астам талапкердің ішінен 49-ы ғана сыннан өтеді. Арасында біздің Димаш та бар. Сөйтіп, ол америкалық астронавт, ғарышкерлерден ілім үйреніп, тəжірибе жинақтап келді. Біз Димашпен сол жайында əңгімелестік…

Димаш: Мен нақты ғылымдарды ұнатамын. Əсіресе, физика, математика жəне информатика ұнайды. 12 жылдық мектептің 11-сыныбында оқып жатырмын. Болашақта компьютерлік инженерия немесе аэроғарыш инженериясы мамандығының бірін таңдағым келеді. Астрономияға қызығушылығым 7-сыныптан басталды. Хьюстондағы United Space School жазғы мектебіне 15-19 жас аралығындағы оқушылар қатысуға өтініш білдіріпті. Сынақ барысында алдымен өзіміз туралы эссе жаздық. Түрлі жарыстардан жеңіп алған дипломдарымды жібердім. Содан екінші кезеңге шақырылдым.

Екінші кезеңде Скайп арқылы сұхбат жүргізілді. Бір аптадан соң NASA ғарыш мектебіне қабылданғаным жөнінде хабарлама келді. Қазақ Географиялық қоғамы бұл қадамымды қолдап, жолыма демеу көрсетті. Сөйтіп, шілде айында Хьюстонға ұшып бардым. Оқу бағдарламасына 23 елден келген 49 оқушы қатыстық. Бағдарламаның тақырыптары жыл сайын ең өзекті əрі маңызды астрономиялық мəселеге байланысты өзгеріп отырады. Биылғы тақырып Марсқа ұшу мəселесіне арналды. Біз ұсынылған бес тақырып бойынша бес топқа бөліндік. Мен Жер мен Марс арасындағы ұшу мəселесін қарастыратын топты таңдадым. Жұмыс барысында түрлі қызықты ойлар ортақ талқыға түсті.

14658192_1132324940191358_1220021033_n

Ұлан: Хьюстондағы мектептен не көріп қайтқаныңды айтып берші…

Димаш: Біз Хьюстондағы Johnson ғарыш орталығының мұражайын көрдік. Соның ішінде Space Shuttle ішкі компьютерлер, халықаралық ғарыш станциясының прототипін, ғарышкерлердің негізгі жаттығу базаларын, тарихи Apollo миссиясының Жерді бақылау орталығын да көрдік.

Ұлан: Өзге елдерден келген қатарластарыңа қарап, қай елде астрономияны оқыту деңгейі қандай екенін, айырмашылықтарды ұғынған шығарсың?

Димаш: Əрине, көп нəрсе байқалады. Менің пайымдауымша, Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Кореяда астрономияға өте жақсы ден қояды. Өйткені, сол елдерден келген жастардың білімі соны байқатты.

Ұлан: Ал, өз еліміздегі астрономия пəнін оқыту туралы қандай ой айтар едің?

Димаш: Меніңше, біздің елде нақты ғылыми сала пəндерін өте жоғары деңгейде оқытады. Олай дейтінім, біздің мектепте оқитын бағдарламамызды кей елдерде университетте ғана өтеді екен. Бірақ, біздің мектептерде теориялық білімге басымдық береді. Сондықтан да, кей пəндер бойынша зерттеулер мен сынақтар жүргізуге көбірек көңіл бөлінгенін қалар едім. Жалпы, біздің елімізде астрономия мен ғарыш саласы қарыштап дамып кетті деп ойламаймын. Дегенмен, 25 жыл уақыт ішінде 17 миллион халқы бар мемлекеттен үш ғарышкердің шығуы – зор жетістік. Оны шетелдіктер де мойындайды.

Ұлан: Шетелдіктер де мойындайды дейсің, өзге елден келген қатарластарың Қазақстан, Байқоңыр туралы біле ме екен?

Димаш: Осы мəселеге іштей қынжылдым. Өйткені, шетелдік жастар біздің ел жайлы аса көп дерек білмейді екен. Тек, бірнеше бала ғана біздің ел мен Байқоңыр туралы білетінін аңғартты. Ал, америкалық ғарышкерлер, əрине, Байқоңыр туралы жақсы біледі.

ШЕТЕЛДІК ҒАРЫШКЕРЛЕРМЕН ТАНЫСТЫМ

Ұлан: Шетелдік ғарышкерлермен кездесудің реті түсті ме?

Димаш: Ол жақтағы ғарышкерлермен асықпай сөйлесудің орайы келмеді. Əйтсе де, NASA-да жұмыс істейтін инженерлер мен ғарышкерлермен бірер кездесудің сəті түсті. Сол кезде Халықаралық Ғарыш стансасында болған ғарышкер, астронавт Джеффри Уильямспен радио арқылы сөйлестік. Мен Дж.Уильямстан «Ғарышта болған кездерде үйіңізді сағынасыз ба?» деп сұрадым. «Əрине» деп жымия жауап берді. Ал италиялық ғарышкер Лука Пармитанодан Байқоңыр мен Қазақстан туралы сұрадым. Ол біздің елдің тағамдарын сүйсініп жейтінін айтты. Л.Пармитано итальян, француз, ағылшын, испан жəне орыс тілін біледі екен. Енді қытай тілін үйреніп жүрмін деді. Сол сөзіне қызығып қалдым. Ал өзім əзірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін.

14686678_1132324843524701_1139709901_n

Ұлан: Астрономия саласындағы өзің кумиртұтатын мамандар бар шығар?

Димаш: Əрине, бар. Мені астрономияға қызықтырып, баулыған ұстазым – Медеу Əбішев ағай. Ол – əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ядролық физика кафедрасының меңгерушісі. Медеу ағай физика, астрономия, математика, психология мен философияны жоғары деңгейде меңгерген. Ресейлік Михаил Гавриловты құрметтеймін. Ол 1996 жылдан бері астрономия бойынша халықаралық олимпиадаларды ұйымдастырып, есептерін құрастырып келеді. Осылайша, ол жыл сайын əлемдегі астрономияға қызығатын дарынды балалардың басын қосып жүр.

ҮЗДІК АСТРОНОМДАР ҚАТАРЫНДАМЫН

Ұлан: Осы сəтке дейінгі қандай жетістіктерің бар?

Димаш: Астрономиядан республикалық, Азия-тынықмұхиттық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазымын. Физикадан аудандық, қалалық, ал математикадан қалалық олимпиаданың жүлдегерімін. Сондай-ақ, түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Мектебімнің президенті болғаным мен еліміздегі оқушылар арасындағы үздік астрономдар қатарына іліккенімді жетістік деп санаймын. Менің хоббиім көп. Футбол, волейбол ойнаймын. Суда жүзуді ұнатамын. Сəті түссе, тауға шыққанды қалаймын. Видеоға түсіруге қызығамын. Велосипед тепкен де ұнайды. Жалпы, ел танып, жер көргенді жақсы көремін.

IMG_4980

Ұлан: Сонымен, Марсқа ұшуға қатысты сендердің топ қандай шешімге келген еді?

Димаш: Марс Жерден гөрі суығырақ. Сондықтан да, біз үшін ғаламшардың қай жерінен ұшып шығуымыз керек екенін ойластыру негізгі мəселе болды. Бір жағынан, ғарышкер-зерттеушілер өмір сүру үшін температура жылы болу керек. Оның үстіне, Марстағы су суық жерлердегі мұзда орналасқан. Сол үшін бізге суық пен ыстық жерлер арасындағы температурасы орташа жерді табу мəселесі туындады. Тағы бір мəселе – ұшу уақытында жасанды гравитацияны ойлап табу. Ұшу ұзақтығы көп уақыт алады. Алгравитацияның болмауы адамға зиян келтіреді. Содан бізде айналатын кеме бөлігі немесе кеменің үдеуі гравитацияны қалыптастырса деген екі нұсқамыз болды. Біз ойлана келе екінші нұсқаны таңдадық.

Ұлан: NASA-дан үйренген тəжірибеңмен елге келген соң бөлістің бе?

Димаш: Əрине. Өзіммен бірге оқитын балаларға үйренген, түйгендерімнің бəрін айтып, тəжірибеммен бөлістім. Достарымның сұрағы көп болды. Бірақ, оларға ғарыштан гөрі шетелдік оқушылар туралы деректер қызығырақ болған секілді.

Əңгімелескен Қарлығаш ДОСАНОВА

Дереккөзі: «Ұлан» газеті

0
Рейтинг: +0

Қосылған күні: 23 қазан 2016, 11:08

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.