Етікші қыз

Етікші қыз

Етікшілік – екінің бірінің қо­­лынан келе бермейтін кәсіп. Соның ішінде бұл кәсіпке нәзік жан­ды­лардың ден қоюы да сирек. Алайда, көңілің қалаған кәсіпке ешкім де кедергі бола алмайтыны және бар. Таңның атысы, күннің батысы біз бен тебенді, балға-шегені жанына серік еткен нәзік жан Жанна Құрманғалиева етікшілікті шеберлік пен аса ыж­да­ғаттылықты, төзімділікті, нағыз еңбекті қажет ететін кәсіп деп есептейді.

Оның етікші мамандығын игер­геніне 15 жылдан астам уа­қыт болды. Әдетте, ер азаматтар ғана шұғыл­данатын бұл кәсіпті мең­герген етікші қыз «Қаз­хром «ТҰК» АҚ фи­лиалы – Ақтөбе фер­ро­қорытпа зауыты әкім­шілік-шаруашылық бөліміне қарас­ты аяқ киім жөндеу шеберха­насында еңбек етіп келеді. «Ерінбеген етікші болады» деген қағиданы басты назарда ұстаған Жанна етікшілік кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгеріп, әбден ма­шық­танған жан. Зауыттың аяқ киім жөндеу шеберханасы болған­дықтан маусымға байла­нысты қыс мезгілінде жұмыс­шы­лардың байпақтарын ретке келтіру, жаз, күз айларында етіктерге табан жапсырып, жамап, желімдеп жөндейді.

– Біз әулетімізбен етікшілікті кәсіп етіп келеміз. Менің осы кә­сіпті меңгеруге ағаларымның ықпа­лы зор болды. Ағаларым Шым­болат, Ислам етікшілік кәсі­бінің майын ішіп, жілігін шаққан өз ісінің шеберлері. Ал Шымболат ағамның етікшілік кәсіпті дөңгелетіп келе жатқанына 20 жыл болып қалды. Жеке шеберханасы бар. Солардың ізін жалғастырып, бар өмі­рімді осы кәсіпке арнап, нәсібімді та­уып жүрмін. Оған еш өкінбеймін. Керісінше, екінің бірінің қолынан келе бермейтін тиянақ­тылықты, шебер­лікті, шыдам­дылықты талап ететін осы маман­дықты игергенімді мақтан тұтамын. Мен алғаш рет Шым­болат ағамның аяқ киім жөндеу шебер­ханасында еңбек етіп, осы салаға машықтандым. Қаламыздағы электриктер да­йындайтын колледждің түлегімін. Мамандығым электр монтері бола тұрса да етікшілікті таңдадым. 15 жылдық іс-тәжірибемде жөн­дел­ген аяқ киімдерге сын айтып, реніш білдірген тұтынушы бол­ған емес. Керісінше, алғыс айтып кететіндердің қатары көп. Сон­дықтан да елдің ықыласына бөлену мен үшін бір ғанибет, – дейді етікші қыз Жанна.

Етікшілердің еңбегі шынымен де бағалауға тұрарлық. Өйткені, аяқ киім жөндеу шеберханасына бір кіріп шыққанның өзінде аяқ киім­дерден шығатын және жапсыр­маның жағымсыз иістері адам­ға жай­сыздық туғызатыны белгілі. Осындай жайсыздыққа қарамас­тан нәпақасын тауып, тұтыну­шылардың көңілінен шығып отыр­ған етікшінің еңбегі шынымен баға­лауға тұрарлық. Өз кәсібінің ше­бері әрдайым шеберханаға келген зауыт­тықтарды жылы шыраймен қарсы алып, көңілін табуға тырысады. Әріптестері де Жаннаның осы қасиеттеріне және өз кәсібін жетік білетініне сүйсіне қарайды. «Біздің етікші қыз Жанна» деп еркелетіп, мақтан тұтады.

Автор: Сатыбалды Сәуірбай

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Y. Almabek