«BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпазы анықталды

«BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпазы анықталды
Фото: Баспасөз қызметі

«BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының Батыс Қазақстан облысы бойынша жартылай финалисі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі конкурстың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2015 жылдың 21 шілдесінде Орал қаласында «BalaTurkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі өтті. Түркітілді елдер арасындағы алғашқы балалар әні байқауы он бірінші болып Батыс Қазақстан облысына келді. «BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының мақсаттарының бірі - еліміздің кішкентай тұрғындарына арнап қазақ тіліндегі жаңа әндерді жарыққа шығару және оларды насихаттау. Ұлттық іріктеу аяқталған соң, финалға арнайы жазылған 16 ән CD-дискке көшіріліп, Ә.Н.Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйытқы болуымен еліміздің барлық балабақша мен мектебіне таратылады.

Қатысушы балалар және оның ата-аналары, жақындары, ұстаздары Батыс Қазақстан облысының барлық аймағынан арнайы келді. Жақындары балаларға ең маңызды сәтте қолдау көрсетуге тырысты. Өнерпаздардың туыстарының қатарында он үш әжеден құралған Қалалық мәдениет үйінің «Әже сәлемі» халық ансамблі болды. Өз жерлестеріне арнап әжелер әсем әндерін орындап берді. Өнерпаздарға «Барлығы жеңіске лайықты, барлық бала бірдей, айналайындар!» деп тілек білдірді.

Орал қаласы дарындарға бай екенін көрсетті. Ағайынды Дәулетхан мен Наргиза Отарбаевтардың дуэт болып ән салғандарына екі жылдың жүзі болыпты. Наргиза скрипка сыныбында оқыса, Дәулетхан домбырадан бөлек, шахматты жақсы ойнайды. Жүлделі орындары да бар. «BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауы олардың ең алғашқы үлкен сынағы. Олар байқауға итальян тіліндегі ән дайындады. Олардың айтуынша, ең қиыны іріктеуге дайындалу емес, осы әннің сөзін жаттау болыпты.

БҚО-да өткен Ұлттық іріктеудің қазылар алқасы әнші Ерген Айтымбетов және оның командасы «Заман» тобының әншісі Әсет Қарабалин мен танымал композитор Арман Дүйсенов бірауыздан іріктеу жеңімпазы деп Мырзағұл Алмағамбетовты таңдады. Мырзағұл Алмағамбетов өзінің он бір жасында облысқа танылып үлгерді. Ол оралдық жергілікті телеарнада «Бозторғай» атты балалар фестивалінің жүргізушісі.

«Мен баламның әнші болатынын декреттік демалыста жүрген кезде-ақ сездім. Мен үйде караокеде ән салатын едім. Төрт жасынан бастап Мырза телеарнадағы әншілердің даусын айнытпай сала бастады. Сол кезде біз жерлесіміз, әнші Еркін Өтегеновтен баламыздың музыкалық қабілетінің қандай деңгейде екенін сұрадық. Еркін Мырзағұлдың музыкаға деген қабілетінің бар екенін айтып, бір жылдан кейін сахнаға алып шықты. Олар бірге «Анашым» әнін орындады»,-дейді жеңімпаздың анасы Наталья Александровна. Ананың айтуынша, баласының кәсіби музыкалық деңгейін «Ақ желкен» үйірмесіндегі Айман Жақыпова есімді апайы көтерген екен.

Мырзағұлдың танымал болғандығы сондай, мереке күндері бірнеше кеште өнер көрсетеді. Бір күні бала ата-анасынан жеке концертін ұйымдастырып беруін сұрайды. Бұл қайырымдылық концерттен түскен қаржыны сырқат баланың емделуіне береді.

«BalaTurkvizyon-Қазақстан» байқауының Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық іріктеу жеңімпазы Мырзағұл Алмағамбетовты 13 тамыз күні Алматы қаласында «Жұлдызды үй» тосады. Мырзағұл өз тәлімгері және ұстаздарымен екі апталық дайындықтан кейін Ұлттық іріктеудің жартылай финалында өнер көрсетеді. Егер лайықты өнер көрсетсе, Қазақстанның намысын Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін «BalaTurkvizyon» байқауында қорғауға жолдама алады.

Ф. Абилова