«Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауында Ақтөбе облысының намысын қорғайтын өнерпаз белгілі болды

«Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауында Ақтөбе облысының намысын қорғайтын өнерпаз белгілі болды
Фото: Баспасөз қызметі

«Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауының жартылай финалында Ақтөбе облысының намысын қорғайтын жеңімпаз анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі конкурс баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласында, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі өтіп, аймақтық жеңімпаз анықталды. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұсынып отырған байқаудың мақсаты - қазақстандық жастардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету.

Ақтөбе аймағы Ұлттық іріктеу өткен оныншы аймақ. Жеңімпаз «Bala Turkvizyon-Қазақстан» Ұлттық іріктеуінің 16-17 қыркүйек күндері Астанада өтетін жартылай финалына жолдама алады.

18 шілде күні жалпы байқауға қатысушы өнерпаздардың саны 1500-ге жетті. Әр аймақ өз ерекшелігімен есте қалды. Ақтөбелік өнерпаздар байқауға шығармашылық жағынан жақсы дайындалғандарын көрсетті. Олар әртүрлі бағыттағы, қазақ, қытай, ағылшын, орыс, түрік, украин және итальян тілдерінде ән орындады. Ақтөбе облысынан үздікті анықтауға тәлімгер әрі жеңімпаздың болашақ продюсері Нұрболат Абдуллин өзімен бірге танымал сазгер Павел Ли мен әнші Жасұлан Жанұзақовты ала келді.

Балаларға әрқашан қолдау көрсететін ата-аналар мен ата-әжелер де назардан тыс қалған жоқ. Абай Елубай іріктеуге қызы Жұлдызды алып келді. Ол он жаста. Кәсіби түрде вокалмен айналыспайды, үйде дайындалады. «Қазақстанда осындай байқаулар көп болса екен. Өйткені, біздің қазақстандық балалар өте дарынды, ақылды, қолдарынан барлығы келеді. «Bala Turkvizyon» – біз үшін нағыз мереке. Міне, біз таңертеңнен осындамыз. Телевизиялық түсірілімдерге қатысып, ойын ойнап, би билеп, ән салдық. Балалар шаршаған жоқ. Олар көп тәжірибе жинап, күш-қуат алуда. Осылай балаларымыздың қалай әртіс болып кеткенін байқамай да қаламыз» деді Абай.

Жазира Абдраманова іріктеуге қызы Ақмерейді алып келді. Жазира да әнші, термеші. Кішкентай қыз анасынан дәстүрлі әнмен бірге эстрадалық, джаз бағытындағы әндерді үйренді. Ақмерей – теледидардың кішкентай жарық жұлдызы болып үлгерді. Ол жергілікті телеарнада балаларға арналған "Кел, балалар, оқылық!" бағдарламасын жүргізеді. «Менің үш балам бар, мен өнерлі қызымның өсуіне қолымнан келгенше қолдау көрсетемін. Мен Ақмерейдің өзін сахнада еркін ұстап үйренгенін қалаймын. «Bala Turvizyon» байқауы балалардың ашылуына, өздерін жұлдыз ретінде ұстауына мүмкіндік береді. Бұл деген керемет!» деп лебізін білдірді Жазира.

Қазылар алқасы аймақтық іріктеудің жеңімпазы деп, бір ауыздан 12 жасар дарынды бала Сатиев Рахманды таныды. Ауылда жаңа мектеп салынып жатқан кезде, баланың жаңадан келген ұстазы Балагүл апай шәкіртінің әнге деген қабілетін бірден байқап, ата-анасына Рахманды ән үйірмесіне беруді сұрайды. Содан, әнші бала Ақтөбедегі музыкалық мектептің вокал сыныбына түседі. Бір жылдың ішінде Рахман бірнеше қалалық және республикалық байқаулардың Гран-при иегері атанып үлгерді. Бұл жетістігіне қарап, мектеп басшылығы дарын иесін бірінші сыныптан үшінші сыныпқа ауыстыруды жөн көрді. Одан бөлек жеңімпаз басқа балалар сияқты футбол ойнауды жақсы көреді. Сурет салу және қолөнермен де кәсіби түрде айналысады. Бірақ, бала танымал музыкант болғысы келеді және ата-анасы да бұл ойын құптайды. Тамыз айының ортасында Рахман Сатиев Алматыға «Жұлдызды үйге» жол тартады. Тәлімгерімен екі апталық дайындықтан кейін, өзіне арнайы жазылған жаңа әнді байқаудың жартылай финалында орындайды.

Ф. Абилова