Димаш Құдайбергенов туралы қызықты деректер

Димаш Құдайбергенов туралы қызықты деректер
Фото: news-asia.ru

Өткен материалымызда Димаш Құдайбергеновтің Витебскте өткен «Славян базары-2015» музыкалық байқауында бірінші орын алғанын хабарлаған едік. Бүгін сіздерге әншінің өмір жолы туралы аз-кем ақпарат беруді жөн көрдік.

Димаш ата-анасының емес, ата-әжесінің тәрбиесімен өскен. Қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, құрмет тұтады. Өз ата-анасын «аға, апай» деп атайды. 5 жасынан бастап фортепианода ойнауды үйренеді. Балалар хорында ән айтқан.

Осыған дейін Димаш «Айналайын», «Балдәурен», Астанада өткен «Жас Қанат» және басқа да халықаралық музыкалық байқауларға қатысқан. Әр байқауда Димаштың дарыны жоғары бағаланатын.

2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдады. Қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқып жүр. 

Димаштың әкесі Қанат Айтбаев - облыстық филармонияның басшысы, анасы Светлана Айтбаева – облыстық маслихат депутаты. Димаштың ата-әжелері де музыкалық адамдар. Бірі домбырада ойнаса, екіншісінің ән айтуға бейімі бар.

Димаштың Раушан атты қарындасы да сахнаға шығуға дайындалып жүр. Әзірше өзін музыкалық концерттердің жүргізушісі ретінде байқап көруде. Ал інісі Мансұрдың болашақта қандай саланы таңдайтыны әлі белгісіз.

Димаш серб, итальян, француз тілдерінде ән орындайды.  

Ф. Абилова