«Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауында Алматының намысын қорғайтын өнерпаздар анықталды

«Bala Turkvizyon Қазақстан» байқауында Алматының намысын қорғайтын өнерпаздар анықталды
Фото: Баспасөз қызметі

Кеше Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Bala Turkvizyon Қазақстан» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі өткізіліп, аймақтық жеңімпаз анықталды.

«Bala Turkvizion Қазақстан» І Халықаралық балалар әні байқауы – түркі тілдерінде шырқалатын әндерді насихаттайтын халықаралық дәрежедегі бірегей байқау. Ұлттық іріктеудің басты сыйы - «BALA Turkvizyon-2015» байқауының гранд-финалына жолдама. Байқау барысында еліміздің кішкентай тұрғындарына арналған су жаңа 16 ән ұсынылады. Тұрғылықты мекен-жайына қарамастан кез келген бала Қазақстан еліндегі «Bala Turkvizyon» байқауына қатыса алады. Жартылай финал мен финалдан тұратын Ұлттық іріктеу «Хабар» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қазақстандағы байқау марафон мақсаты – кішкентай өнерпаздарды анықтап, оларға қолдау көрсету, жас дарын иелерін қазақтың музыкалық мәдениеті арқылы өнерге баулып, мемлекеттік тілде бұрын-соңды орындалмаған жаңа әндерді жарыққа шығару. «Bala Turkvizyon Қазақстан» аймақтық іріктеу кезеңдері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында өтті. «Bala Turkvizyon Қазақстан» еліміздің басқа өңірлеріне өз сапарын жалғастыруда.

Әр өңірде жұлдызды тәлімгерлер - Қазақстан эстрадасының жас әншілері өз команда мүшелерімен бірге 8-13 жас аралығындағы жас өнерпаздарды таңдап, жартылай финал қатысушыларын анықтайды.

Жеңімпаз өзге өңірлерден озып шыққан жартылай финал қатысушылары секілді «Жұлдызды үйге» жолдама алады. Екі апта уақыт ішінде жартылай финал қатысушылары өнер саңлақтары мен кәсіби мамандардан сахна шеберлігі бойынша тәлім оқып, қазақ өнерінің майталмандарынан мастер-класс дәрістерін алады. Қыркүйек айының 16-17 жұлдызында Астана қаласында өтетін Ұлттық іріктеудің жартылай финал мен финал концертіне жас сазгерлер қазақ тілінде орындаушыларға ән жазып береді. Мыңдаған балалардың ішінен жүйрігін таңдаған тәлімгерлер оларды республикалық деңгейдегі үлкен сахнаға дайындайды. Ал ең мықты деген өнерпаз әділ-қазылар мен телекөрермендердің шешімімен жеңіске жетеді. Жеңімпаз халықаралық «BALA Turkvizyon-2015» байқауының гранд-финалына жолдама алып, қазақ елінің атынан өнер көрсетеді.

Алдымен өнерпаздар Студенттер сарайының алдына «кабриолет» көлігімен, таң қалдырып келген, «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының символы Экошаны қарсы алып, танысу мүмкіндігіне ие болды. Экоша барлық қатысушымен жақынырақ танысып, бірге суретке түсіп, сәттілік тілеп, балалардың көңіл-күйін әбден көтерді. Естеріңізге сала кетсек, Экошаның кішкене көшірмесі жартылай финалға өткен жеңімпаздарға «Жұлдызды үйге» жолдама ретінде табыс етіледі. Алматылық жас өрендерге ең басты сыйлық - жас өнерпаздарға қолдау көрсетіп, байқау алаңына «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының бастамашысы, «Жандану әлемі» қорының құрылтайшысы Әлия Назарбаеваның келуі болды. Халықаралық балалар әні байқауы - Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры жобаларының бірі. Білім, мәдениет, қайырымдылық саласындағы әлеуметтік жобаларды қолдау, жүзеге асыру және жарыққа шығару – «Жандану әлемі» қорының басты мақсаты болып саналады.

Әлия Нұрсұлтанқызы байқауға келген қатысушыларға, ата-аналарға, қонақтарға:

«Bala Turkvizyon» - бұл өз ерекшелігі бар байқау. Осы жылдың қыркүйек айында қазақ тіліндегі жаңа 16 ән пайда болады. Әндерді қазақстандық сазгерлер мен ақындар жарыққа шығарады. Жаңа әндер топтамасын Республикамыздың балабақшалары мен мектептеріне тарту етеміз. Жаңа туындылар балапандарымыздың жүрегіне жол тартып, оларды отанды, отбасыны сүюге, тарихы мен салт-дәстүріне құрметпен қарауға шақырады.

Құрметті, балалар! Бұл байқау сендер туралы және сендерге арналған! Сендердің алар асуларың әлі алда. Қазір жазғы демалыстың ең қызған шағы. Күн нұрындай құлпырып, армандаудан шаршамаңдар! Ол армандар әрқашан орындалады. Біз сіздерді жақсы көреміз және үлкен сенім артамыз!» деп өз тілегін жолдады.

Өнерпаздарға қолдау көрсетіп, үздігін таңдауға Алматы қаласы бойынша тәлімгер «Орда» тобының әншісі Ерболат Беделхан және қолдау көрсетуге әнші Есболат Беделхан, музыкалық продюсер Сұлтана Қаражігітова келді. Әрбір қатысушы марапатқа, құрметке ие болды. Олар «Жандану әлемі» қорының «Bala Turkvizyon» Ұлттық іріктеуінің қатысушысына арналған сертификат пен Ұлттық іріктеу әнұраны жазылған CD-дисктерге, сыйлықтарды иеленді.

Алматылық аймақтық іріктеуге алғаш рет қыздардан құрылған квартет өнер көрсетті. Он жастағы Ақжарқын, Жансая, Сабрина және Лаура «Жеңіс» тобының әншілері.  «Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауына қатысуға топ жетекшісі Жеңіскүл Махамбетова төрт қызды таңдаған екен. Ұлы жеңістің 70 жылдығына арнайы құрылған топ, тек патриоттық бағыттағы, қазақ тіліндегі әндерді орындайды. Байқауға топ ретінде қатысуға рұқсат етілгенімен, тәлімгерлер қыздардан жеке ән салуларын сұрады.

А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің шәкірттері, ұлдардан құралған квартет мүшелері де топтан бөлек өздері де жеке әнші ретінде өнерлерін көрсетті. Азамат, Санжар, Еркебұлан және Азамат ерекше дауыс иелері, сонымен қатар, олар әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнайды. Міне, осындай дарынды топ мүшелерін тыңдап отырған қазылар алқасы жеңімпаз ретінде трио таңдауды жөн көрді. Бұл барлығы үшін күтпеген шешім болды. Өйткені, бұған дейін басқа аймақтағы тәлімгерлер тек жеке орындаушыны таңдауды жөн көрген.

Байқау шарты бойынша тәлімгерге жеке орындаушы, дуэт, трио, квартет таңдауы өз еркінде. Алматы қаласының тәлімгері, топтың болашақ продюсері Ерболат Беделхан қыздар тобын байқаудың жартылай финалына дайындауға бел буды. Жеңімпаз қыздар: Айдана Жұмағұлова (13 жас), Дана Әли (12 жас), Ақерке Сүлейменова (13 жас). Айдана көп балалы отбасыдан, үш жасынан бастап ән салады. Дана фортепиано және вокал сыныптарында музыкалық білім алуда. Ақерке кішкентай болса да, «актриса» атанып үлгерді. Бүгінге дейін Ақеркені «Елбасы жолы» киноэпопеясында кішкентай Дариға Назарбаеваның рөлінен және «Тракторшының махаббаты», «Ғашық жүрек» фильмдері арқылы халық танып үлгерді. Өнерлі қыздар тамыз айында, Алматы қаласындағы «Жұлдызыды үйге» орналасып, Астанада өтетін жартылай финал мен финалға дайындалады.

«Bala Turkvizyon-Қазақстан» байқауының келесі аялдамасы - Ақтау қаласы. Жергілікті дарындарды 11 шілде күні, сағат 09.00-ден бастап, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияда күтеді.

Ф. Абилова